“Аутизм. Баршамызға бір әлем”. Бүгін осындай атаумен аутист балаларға арналған “Асыл Мирас” орталығында дөңгелек үстел жиыны өтті. Басқосуда оңалту орнының 5 жылдық жұмысы қорытындыланды. Айта кету керек, мекеменің таспасы қиылғаннан бері мұнда 1 мыңнан астам бала ем-шара қабылдаған.
НАЗГҮЛ ТОРТУЛОВА, “Асыл Мирас” аутист балаларға арналған орталығының басшысы:
– Қазіргі таңда “Асыл Мирас” орталығында 84 бала көмек алып жатыр. Әр цикл үш айдан тұрады. 3 ай барысында 84 бала көмек алғаннан кейін, келесі баблаларды қабылдаймыз. Бүгінгі таңда 229 бала өз кезегін күтіп отыр.
Жиынға жолаушы тасымалымен айналысатын ұйымдардың басшылары шақыртылды. Оларға әуежайда немесе пойызда жеткіншектерге тиісті көмек көрсетілуі қажет екендігі айтылды.
НАЗГҮЛ ТОРТУЛОВА, “Асыл Мирас” аутист балаларға арналған орталығының басшысы:
– Біздің балалар қоғамдық көлікке отырады, жол жүреді. Олар қоғамдық көлікке отырғанда түрлі қиыншылыққа тап болады. Сол қиыншылықтарды біз мәселе ретінде көтеріп, қоғамдық көлік өкілдерін шақырып, осы балаларға көмектесу барысында бір-бірімізге көмек көрсетуге тырысып жатырмыз.
“Асыл Мирас” емдеу мекемесін облыс әкімдігінің Болат Өтемұратов қорымен бірлесе ашқаны белгілі. Бүгінгі жиынға аталған ұйымның директоры Марат Айтмағамбетов те қатысты. Қордың қолдауымен елде 16 мыңнан астам балаға емдік көмек көрсетілген екен.
МАРАТ АЙТМАҒАМБЕТОВ, Болат Өтемұратов қорының директоры, Алматы қаласы:
– Қордың қолдауымен 2015 жылы аутист балаларға арналған ең алғашқы орталық ашылды. Қазіргі таңда олардың саны 13-ке жетті. Жалпы, біздің мақсатымыз – денсаулық сақтау, білім беру және мәдениетті дамытуға жәрдемдесу. Қор іске асырған жобалардың жалпы құны 150 млн АҚШ долларынан асады. Ал “Аутизм. Баршамызға бір әлем” бағдарламасын іске асыруға 15 млн доллар бөлінді. 9 жылдың ішінде 16 мыңнан астам балаға көмек көрсеттік. Бұл жұмыс жалғасын табады.
Жалпы, облысымызда 700-ден астам бала аутизмге шалдыққан. Бұл статистика жыл санап өсуде. Осы орайда қала мен аудандарда коррекциялық бөлмелер ашылып жатыр. Маңызды ақпармен облыстық білім басқармасының басшысы Айнагүл Сұрағанова бөлісті.
АЙНАГҮЛ СҰРАҒАНОВА, СҚО білім басқармасының басшысы:
– Облыс әкімдігі мен білім басқармасы аталған балаларға ерекше көңіл бөлуде. Қазіргі таңда қала мен аудандарда 22 коррекциялық кабинет жұмыс істейді. Келесі жылы олардың санын 30-ға дейін жеткізуде жоспарлап отырмыз.
Жиынға барлығы – 10-нан астам адам қатысты.
Нұрасыл Ахмет