Бүгін облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов Қорғаныс министрлігіне қарасты мекемелерде болды. Өңір жетекшісі барған алғашқы нысан -облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент. Мұнда күрделі жөндеу жұмысы жүріп жатыр.
Жауапты жұмыспен жергілікті “Петробилдинг” серіктестігі айналысуда. Мұнда 20-дан астам адам тер төгіп жатыр. Білікті мамандар барлық істі қазанның 15-і аяқтауды жоспарлап отыр. Ғауез Торсанұлы мердігерлерден жұмыстың сапалы жасалуын талап етті. Ал мекеме қызметкерлеріне құрылыс барысын жіті қадағалауды тапсырды. Себебі, әскерилер мен шақыртылушыларға жақсы жағдай жасалуы тиіс.
Бұдан кейін облыс әкімі Қорғаныс министрлігіне қарасты 99275 әскери бөліміне барды. Нысанның асханасы мен гараждарына күрделі жөндеу жүргізіліп жатыр. Өңір жетекшісі атқарылған жұмысқа оң бағасын берді. Маңызды іс бірер күнде аяқталады.
Содан соң Ғауез Нұрмұхамбетов мекеме ауласын аралады. Қызметкерлерге қандай жағдай жасалғанын көрді. Айта кету керек, әскери бөлімде 106 білікті маман қызмет етеді. Бөлім командирінің міндетін атқарушы Қайрат Жәнібеков облыс әкімдігі тарапынан ұдайы көмек көрсетілетінін айтып, алғысын жеткізді.
ҚАЙРАТ ЖӘНІБЕКОВ, ҚР ҚМ 99275 әскери бөлімі командирінің міндетін атқарушы:
– Жауапты іске сәуір айының басында кірістік. Құрылыс барысын жіті қадағалап отырдық. Бәрі сапалы жасалды. Тиісті қаражат бөлінді. Ғауез Нұрмұхамбетовке алғысым шексіз. Үнемі қолдау көрсетеді. Біз де өз тарапымыздан сенімдеріңізді ақтауға тырысамыз.
Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов кездесу барысында сала қолдаусыз қалмайтынын жеткізді.
Нұрасыл Ахмет