Тілді білу – өрісің. Теріскейде бүгінде қазақ тілін меңгеріп, тіпті осы пәннен сабақ беріп жүрген өзге ұлт өкілдері аз емес. Таңқалатын нәрсе ме дерсіз, әрине. Алайда, солтүстік өңірде өз қаракөздеріміздің де ана тілін үйренуге асықпай жүргені ащы шыңдық. Қызылжар ауданы Белое ауылында балаларға қазақша сабақ беретін мұғалім тұрады. Ол 10 жылдан бері оқушыларға тәлім беріп келеді.
Светлана Магуянова Тайынша ауданындағы Келлеровка ауылында дүниеге келген. Нәзікжанды мектепті орысша оқыпты. Әйтсе де, өзінің ерік-жігерінің арқасында қазақ тілін жетік меңгерген. Украин аруының сөзінше, мемлекеттік тілді үйрену үшін ауызекі сөйлеуге ерекше күш салу керек. Қазіргі таңда қазақ тіліндегі дереккөздер, нұсқаулықтар, әдебиеттер жетерлік. “Ең бастысы, ниет болса жеткілікті дейді”,- ол.
СВЕТЛАНА МАГУЯНОВА, Белое орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі, Қызылжар ауданы:
– Әр қазақстандықтың мемлекеттік тілді білуі міндетті. Қазақ тілі – өте терең, бай тіл.
Светлана Васильевна ұжым арасында да сыйлы жан. Әріптестерімен тілдесіп көрдік. Олар нәзікжандының өз ісінің шебері екендігін айтты.
ГҮЛНӘР СЫЗДЫҚОВА, Белое орта мектебінің директоры, Қызылжар ауданы:
– Светлана Васильевна өз ісіне ұқыпты. Оның арқасында мектебімізде қазақ тілінің деңгейі өсіп келеді.
Ұстаз оқушыларының да махаббатына бөленген. Сүйікті мұғалімдеріне деген жеткіншектердің ықыласы да ерекше. Апайымыз – өте мейірімді жан. Светлана Васильевнаның арқасында мен қазақша оқи аламын және түсінемін. Ол бізге сабақты қызықты қылып өткізеді.
Светлана Магуянова ұстаздықтан бөлек, шығармашылықпен айналысады. Талай байқауларда өзінің әсем даусымен ән айтып, жеңімпаз атанған.
Нәзікжанды қазақ азаматына тұрмысқа шығып, 3 бала тәрбиелеп отыр. Ұл-қыздарының барлығы қазақ мектептерінде оқиды. Ұстаздың басты мақсаты – тілмен бірге жас ұрпақтың санасына ел мен жерге деген шынайы сүйіспеншілікті сіңіру.
Нұрасыл Ахмет