ТЖ

Құтқарушыларға қарап бой түзеген жастар

Бүгін қалалық 3-ші өрт сөндіру бөлімінде оқушылар арасында “Жас құтқарушылар” жарысы өтті. Спорттық сайыс 20-дан астам топтың басын қосты. Додаға 120 оқушы қатысуда. Соның бірі – Тілеген Төлеутай. Жігерлі жас болашақта құтқарушы болғысы келеді.

ТІЛЕГЕН ТӨЛЕУТАЙ, жарысқа қатысушы:

– Аталған спортпен ағам айналысады. Мен оған қарап бой түзеймін. Болашақта өрт сөндіруші болғым келеді. Жетістіктерім де аз емес. Республикалық додаларда талай жүлде алғанмын. Бүгінгі жарыстың фавориті болып есептелемін. Барлығына сәттілік, өзіме жеңіс тілеймін.

Сайыста қатысушылардың шапшаңдығы мен шыдамдылығы сыналады. Мұнда балалардың әрқайсысы өзіне жүктелген тапсырманы орындайды. Бірі жүгіреді, екіншілері зембіл тасиды, ал үшіншілері өрт сөндірушілердің киімін киеді. Кім жылдам, сол жеңеді.

ӘДІЛ СПАЕН, СҚО ТЖД бөлім бастығы:

– Жарыс жыл сайын ұйымдастырылады. Сайысқа 11-15 жас аралығындағы балалар қатысуда. Басты мақсат – жастарды осы салаға баулу. Бірақ, жұмысымыз оңай деп айта алмаймын. Күн сайын неше түрлі жағдайларға тап боламыз. Қатысушылардың арасында келесі жылы 9-шы сыныпты бітіретін оқушылар бар. Жарыстың арқасында олар аталған мамандықты таңдауы мүмкін.

Жарысқа қатысушылар диплом және медальмен марапатталады, үздіктеріне бағалы сыйлық беріледі.

 

Нұрасыл Ахмет