Қоғам

Гид-экскурсоводтарды даярлау курсы басталды

Солтүстік Қазақстан облысы десе көз алдымызға қалың орман, айдын көл және тарихи жерлер келеді. Біздің аймақ туристерді сонысымен қызықтырады. Өңірге келген қонақтар түсіңкі көңілмен кетпеуі қажет. Бұл ретте қызмет көрсету саласы оң жолға қойылуы тиіс. Қазір жер-жерде гид-экскурсоводтар бар. Олар белгілі бір аймақты жан-жақты таныстырады.

ВЛАДИМИР ВИТЧЕНКО, “СҚО бойынша туристік ассоциация” ҚБ төрағасы:

– Солтүстік Қазақстан облысында туризм саласы дамып келеді. Сандармен таныспын. Ағымдағы жылдың алғашқы 6 айы ішінде біздің өңірде 58 мыңнан астам адам болды. Шалқар-Имантау курортық аймағын елдің бәрі біледі. Қонақтардың көбі сол жаққа барады. Бізге гид-экскурсоводтар ауадай қажет. Қазір олардың саны өте аз. Осы мәселені біржақты етсек, облысымызға ат ізін салушы меймандардың саны артары сөзсіз.

Өңірде гид-экскурсоводтардың санын арттыру әрі олардың тәжірибесін толықтыру мақсатында Петропавлда арнайы курс өткізіліп жатыр. Ұйымдастырушылар Алматыдан білікті маманды шақырыпты. Арина Жаманқараева ниет танытқан жандармен біршама уақыттан бері кездесіп, білген-түйгенімен бөлісіп жүр екен.

АРИНА ЖАМАНҚАРАЕВА, WFTGA бойынша ұлттық тренер, Алматы қаласы:

– Мен халықаралық методика бойынша ұлттық тренер болып табыламын. Курс өткізіп жүргеніме 2 жыл болды, ал саладағы жалпы тәжірибем 8 жылды құрайды. Петропавлдағы әріптестерімнің ұсынысын қабыл алып, табиғаты керемет аймаққа келіп қалдым. Бұған дейін Қазақстанның түкпір-түкпірінде болдым. Елімізде гид-экскурсоводтар жетіспейді.

Танымдық курс 1 аптаға созылады. Мұнда қатысушылар құр әңгімелесіп отырмайды. Жаяу және көліктегі турларды өткізудің әдіс-тәсілдерін меңгереді.

ҒАУҺАР ДҮЙСЕМБЕКОВА, семинарға қатысушы:

– Курсқа келіп қалдық. Бірінші сабақта мақсаттармен, міндеттермен таныстық. Сабақ өте қызықты болды.

Курс соңында қатысушылар емтихан тапсырады. Соның қорытындысы бойынша оларға сертификаттар табысталмақ.

 

Байболат Құлтанов