Ғ.Мүсірепов ауданындағы Буденное ауылында тауарлы-сүт фермасының құрылысы жүріп жатыр. Нысан ауыл аттас агроқұрылымға тиесілі. Жоба құны – 2 млрд теңге. Көктемнің соңында қолға алынған іске үш құрылыс кәсіпорны жұмылдырылған.
ЕРҒАЛИ ЖОЛДАСОВ, учаске бригадирі, Алматы қаласы:
– Бұл жерде екі сиыр және бұзау қорасы, туу, сауын бөлмесі салынып жатыр. Адам саны бойынша айтатын болсам, 120 адам жұмыс істейді, ал техникадан 50 шақтысы бар. Іргетас жұмыстарының барлығы аяқталды. Енді еденді салу қажет. Жұмыстың 70 пайызы тындырылды.
Тауарлы-сүт фермасына таяу арада голштино-фриз тұқымды 1200-ден астам құнажын жеткізіледі.
АНДРЕЙ ПАХОМОВ, «Буденное-СК» ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– Ферма құрылысы қазан айының соңында аяқталады. Сиырларды Даниядан әкелеміз. Әзірге, сүт қана шығарамыз, өзгесін кейін қарастыра жатармыз. Сауылған сүтті қаладағы сүт зауыттарына жеткізуді жоспарлап отырмыз.
Жалпы, серіктестік егіншілікпен де айналысады. 30 мың гектар жердің 23 мыңына дәнді дақыл еккен. Қалғанын парға қалдырған.
АНДРЕЙ ПАХОМОВ, «Буденное-СК» ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– Биылғы өнім мол. Гектарына 20-22 центнерден алып жатырмыз. Жұмысшы саны жеткілікті. Қазір 150 адам бар. Осы науқанда әрқайсысы 1 млн теңгеге дейін пайда табады.
“Буденное-СК” – өз жұмысшыларына тиісті жағдай жасайтын серіктестіктердің бірі. “Кадр тұрақтылығына ықпал ететін факторлардың бірі – баспана”,- дейді кәсіпкер.
Осы орайда көрші ауылдан отбасымен бірге көшіп келген қызметкерлерге арнап үй салады. Бесеуінің кілті биыл табысталады. Біреуі келесі жылы беріледі.
АНДРЕЙ ПАХОМОВ, «Буденное-СК» ЖШС директоры, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– Алтыншы үйдің іргетасы енді құйылып жатыр. Әзірге, қай маманға сыйлайтынымызды нақтылаған жоқпыз. Бір үйдің өзіне 40 млн теңгеге кетеді. Бізде жұмыс істейтін жан мұнда тегін тұрады, коммуналдық қызмет ақысын ғана төлейді. Баспаналар типтік, төрт бөлмеден тұрады.
Агроқұрылымда жұмыс істейтін 150 адамның жартысы жыл он екі ай жұмыспен қамтылған. Қалғаны белгілі бір маусымда ғана жұмылдырылады.
Мәдина Қаби