Астанада барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының II республикалық форумы өтті. Алқалы жиында Мемлекет басшысы сөз сөйледі. Президент өз сөзінде мәслихаттың мемлекеттік биліктің өте маңызды тармағы екенін атап өтіп, 2022 жылы референдум арқылы Конституцияға маңызды өзгерістер енгізілгеніне, соның нәтижесінде Парламенттің рөлі айтарлықтай күшейгеніне, жалпы билік институттарының жұмысын жетілдіру үшін нақты шаралар қабылданғанына назар аударды. Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев саяси партиялардың қоғамдағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жобалары мен бастамаларына тоқталып, көктемгі алапат су тасқыны кезінде бекем бірліктің үлгісін көрсеткен партиялардың, өзін-өзі ұсынған депутаттардың азаматтық белсенділігіне оң баға берді. Жиында Мемлекет басшысы бірнеше күннен кейін өтетін жалпыұлттық референдумның маңызына да тоқталып, оны «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жарқын көрінісі деп бағалады.
ӘЙКЕРІМ ОМАРОВА, Айыртау аудандық мәслихатының депутаты:
– Форумға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысты. Бұл бәріміз үшін үлкен мәртебе. “АМАНАТ” партиясы ұйымдастырып отырған бүгінгі форум – орталық пен өңірлер арасындағы, барлық билік тармақтары арасындағы байланыстың жаңа форматы. Басты міндетіміз – тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту. Депутаттар мен жергілікті атқарушы органдар тізе қосып жұмыс істесе, өңір дамиды.
Байболат Құлтанов