Қарапайым балаларды емес, ерекше баларды таңдаған ұстаз. Станислав Фоленвейдер құлағында мүкісі бар әрі мылқау балаларға білім береді. Ұлағатты ұстаз жауапты салада 20 жылға жуық еңбек етуде. Облыстық арнайы түзету мектеп-интернатында дене шынықтыру пәнінен сабақ беретін маман ұл-қыздарды футбол мен футзалдан шынықтырады.
СТАНИСЛАВ ФОЛЕНВЕЙДЕР, облыстық арнайы түзету мектеп-интернатының дене шынықтыру пәні мұғалімі:
– Маған мұндай ұл-қыздармен жұмыс істеу еш қиындық тудырмайды. Түсіністік таба білу қажет. Сонда олардың ойынға деген ынтасы оянады. Бұған көзім жетті. Балалармен тілдесу жайына келсек, арнайы курстарға бармадым. Барлығын өмір үйретті. Қазір шәкірттерімді толықтай білемін және түсінемін. Араласу қиын емес. Бірақ, арасында біліктілікті арттыратын курстарға барып тұрамын.
Біліктілікті арттыру курстарының мұғалімге берері мол. Ерекше балаларды оқыту әрі жарыстарға дайындау күш-жігерді талап етеді. Сонда алған білім мен жинаған тәжірибе көмегін тигізеді екен. “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің” демекші, Станислав Владимировичтің ата-анасы да ұстаздық жолда тер төгіп жүр.
Ұстаз өзінің шәкірттерімен мақтана алады. Ол сурдо-футбол мен футзалдан Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері екенін де айта кетуіміз қажет. Ел командасы білікті маманның жетекшілігімен түрлі деңгейдегі жарыстарға қатысты, түрлі санаттағы медаль мойынға тағылды.
СТАНИСЛАВ ФОЛЕНВЕЙДЕР, облыстық арнайы түзету мектеп-интернатының дене шынықтыру пәні мұғалімі:
– Мен оқытқан және әлі де оқып жүрген балалардың жетістіктері жетерлік. Мысалы, үлкен топ осыдан екі жыл бұрын Малайзия елінде өткен әлем чемпионатында екінші орынға ие болды. Бүгін Астанаға жолға шығамыз. Онда республикалық турнир өтпек. Елордада өңір командасы бақ сынайды. Петропавлдық балалардың арасында Ұлттық құрамада ойнайтын футболшылар, футзалшылар бар. Бұған бәріміз қуануымыз керек.
“Ат тұяғын тай басар” дегендей, Станислав Фоленвейдер ұл тәрбиелеп отыр. Ол баласының футбол жұлдызы болғанын, кейін жаттықтырушылық қызмет атқарғанын қалайды.
Мәдина Қаби