Спорт

Петропавлда бокстан жасөспірімдер арасында облыс чемпионаты бастау алды

Рингте мүсіреповтік және петропавлдық боксшы соққыласуда. Қызыл бұрыштағы жасөспірімнің күші қарсыласынан екі есе артықтау көрінеді. Аудандық бала аямай жұдырық жұмсады. Шапшаңдық пен мықтылықтың арқасында Максим Ботенков жеңіске жетті.

Жеңіске жеткен ауыл баласы бокспен 3 жылға жуық айналысады. Ал қарсыласы бұл спортқа енді ғана бет бұрған екен.

МАКСИМ БОТЕНКОВ, жарысқа қатысушы, Ғ.Мүсірепов ауданы:

– Қарсыласымның енді ғана бокс залына барып жүргені көрініп тұр. Бірақ, бастамасы жаман емес. Осал деп айта алмаймын. Біз 48 келі салмақта жұдырықтастық. Келесі кездесу ертең өтеді. Қарсыластарымның барлығын жеңіп, ел чемпионатына барғым келеді. Жеңілгенді ұнатпаймын.

Боранбай Балсейітовты еске алуға арналған бокстан жасөспірімдер арасындағы облыс чемпионаты Петропавлда бүгін басталды. Әлі үш күнге жалғасады. Дүбірлі додада бақ сынауға облыстың түкпір-түкпірінен 100 шақты спортшы келген. Барлығының мақсаты – жеңіске жету.

АХМЕТ ДАРБАЕВ, төреші:

– 2009-2010-шы жылдары туған балалар арасындағы жарыс өтіп жатыр. Спортшылардың салмақ дәрежесі 42 келіден басталып, 80 келіге дейін жалғасады. Осы жерде жеңіске жеткендер Екібастұз қаласында өтетін аймақтық чемпионатқа қатысады.

Аймақтық чемпионаттан кейін тағы бір сайыс бар. Сол жерде атой салғандар Атырау қаласында өтетін ел чемпионатында облыс намысын қорғайды.

 

Мәдина Қаби