Қарты бар үйдің қазынасы бар. Бүгін қалалық мәдениет үйі қабырғасында аға буын өкілдеріне арналып концерттік шара ұйымдастырылды. Талантты ұл-қыздар әуелеген әуезді ән де шырқады, би де биледі.
Мерекелік іс-шараға шаһар басшысы Серік Мұхамедиев те қатысты. Ол қазыналы қарттарды мейраммен құттықтап, қоғамда аға буын өкілдерінің алатын орны ерекше екендігін жеткізді.
СЕРІК МҰХАМЕДИЕВ, Петропавл қаласының әкімі:
– Шарада облысымыздың дамуына сүбелі үлес қосқан аға буын өкілдері марапатталды. Соның бірі – Атымтай Аманжолов. Ол 25 жыл бойы тәртіп сақшысы болып қызмет атқарған. Ағамыз зейнетке шықса да жай отырмай, жаны сүйетін жұмысын жалғастыруда.
АТЫМТАЙ АМАНЖОЛОВ, қалалық ПБ ардагерлер ұйымының төрағасы:
– 1999 жылы зейнетке шықтым. Қазір қалалық полиция басқармасының ардагерлер ұйымының төрағасымын. Мерекемен барлығын құттықтаймын. Әкімнен Алғыс хат алып, көңілім бір марқайып қалды.
Жылына бір рет келетін мерекеде тақиялы аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміздің жүзінде қуаныш ойнап, мерейі тасыды. Іс-шараға ауылдық жерден келген зейнеткерлер қатысты. Олар бір-бірін құттықтап, тілектерін айтты.
Сандарды сөйлетсек, облысымызда 100 мыңнан астам ардагер бар. Оның 40 мыңы Петропавлда тұрады.
Мәдина Қаби