Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясында қасиетті домбыраның үні үзілген емес. Бүгін ұлттық аспабымыз кезекті мәрте шертілді. Қазыналы Қарттар күніне арналған шарада білім ұясының талантты оқушылары аға буынның алдында өнер көрсетті.
ШЕГЕБАЙ НҰРҒОЖИН, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясының директоры:
– Бүгін Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясына осы жерде еңбек еткен ұстаздарды, техникалық қызметкерлерді шақырдық. Мұндай шараны жылда өткіземіз. Ұрпаққа пайдалы кездесу деп санаймын. Мереке құтты болсын!
Қара шаңырақ қабырғасында оқитын балалардың барлығы шеттерінен өнерлі. Оқу ұясында еңбек етіп, зейнетке шыққан жерлестеріміз алдында үлкені де, кіші де өнерлерін паш етті. Киімдері де керемет. Балғындарды Бақыт Ақышова сүйсіне тамашалап отыр. Ол 45 жыл білім саласында жұмыс істеді. Осы жерден құрметті еңбек демалысына шықса да “Даналық мектебі” клубында ұл-қыздарға тәлім беріп жүр.
БАҚЫТ АҚЫШОВА, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясы “Даналық мектебі” клубының төрайымы:
– Мектепте ылғи түрлі шара өтеді. Сол шараларға ата-аналармен қатар, біз де шақырыламыз. Шара өте жақсы өтіп жатыр. Демалып отырмыз. Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз!
Айта кетейік, Абай атындағы мамандандырылған қазақ мектеп-гимназиясына 40-тан астам зейнеткер бекітілген. Мерекелік шара соңында қонақтар дастарханнан дәм татты, ұйымдастырушыларға алғыстарын жаудырды.
Байболат Құлтанов