Бүгін облыс орталығында “Soft skills – трендте” атты байқау өтті. Сайысқа қала мен аудандардан 33 ұстаз қатысты. Іс-шараның басты мақсаты – арнайы және инклюзивті білім беру саласындағы педагогтердің шығармашылығын арттыру және олардың кәсіби құзыреттілігін дамыту.
АНАР НҰРҒОЖИНА, қалалық №2 арнайы мектеп-интернаты директорының орынбасары:
– Байқаудың өткеніне өте қуаныштымын. Себебі, арнайы мектептердің мұғалімдеріне аса көңіл бөліне қоймайды. Осы арқылы ұстаздарымыз өздеріңіз біліктіліктерін шыңдайтын болады.
Аталмыш сайыс осымен 3-ші рет өткізіліп отыр. Байқауға 100-ден астам педагог қатысуға ниет білдірген. Мұнда мұғалімдер жарысып қана қоймай, бір-бірімен тәжірибе алмасып, ой-пікірлерін білдіреді. Ұстаздар берілген уақыттың ішінде өз жұмыстарын таныстырып шығулары тиіс. Шарада қатысушылар балаларды қандай тәсілмен оқытып жүргенін көрсетті. Енгізген жаңашылдықтары туралы да айтты. Додаға қатысушылардың бірі – облыс орталығына ең шалғай орналасқан Уәлиханов ауданынан келген Ризагүл Әубәкірова. Жас маман байқауға бірінші рет қатысып отыр.
РИЗАГҮЛ ӘУБӘКІРОВА, Кішкенекөл қазақ мектеп-гимназиясының логопед маманы:
– Жобамның тақырыбы – ауызша сөйлеудегі тіл бұзылыстары бар балалармен жұмыс жасау. Байқауда өзіме керекті біршама пайдалы ақпарат алдым.
Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері диплом, медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Нұрасыл Ахмет