Қыркүйектің 8-16 аралығында Францияның Лион қаласында “WorldSkills” халықаралық чемпионаты өтті. Байқауда ел намысын 32 студент қорғаған болатын. Оның ішінде теріскейлік бұрымды Виктория Шаболдасова да бар. Нәзікжанды – Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің студенті. Ол сайыста “Графикалық дизайн“ құзыреттілігі бойынша сынға түскен. Викторияның сөзінше, берілген тапсырмаларды орындау оңай болмаған.
ВИКТОРИЯ ШАБОЛДАСОВА, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің студенті:
– Чемпионатқа ақпан айынан бастап дайындалдым. 3 ай бойы Астанада оқу-жаттығу жиыны өтті. Негізі, графикалық дизайнды көбі түсіне бермейді. Бұл – белгілі бір компьютерлік кескінге визуалды мазмұн беретін қолөнер. Жарыста мен 23-ші орын алдым. Жоғары нәтиже көрсетпесем де халықаралық сайысқа қатысудың нәтижесінде зор тәжірибе алдым.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялады. Ал “WorldSkills International” – сол мамандардың кәсіби дағдылары мен заманауи техникалық білім беру сапасын арттыруға арналған ең ірі халықаралық байқау.
АЛТЫНАЙ ЖАНБЕКОВА, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжі директорының орынбасары:
– Қатысушыларға әр күні, әр түрлі тапсырмалар берілді. Оларға тапсырманы барынша тез және сапалы істеу қажет болды.
Айта кету керек, “WorldSkills” халықаралық чемпионатына 69 елден 1500-ге жуық студент қатысты. Қазақстан құрамасы тарихта тұңғыш рет 7 медальон жеңіп алып, жалпы есепте 29-шы орынға тұрақтады.
Нұрасыл Ахмет