Қоғам

Қарттар күні “Бірлік” ықшам ауданында ағаш отырғызылды

БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:

– Халықаралық қарттар күні “Бірлік” ықшам ауданында бірліктің куәсі болмақпыз. Жаңа тұрғызылған ауданда ағаш көшеттері егілетін болады. Жас талдар биыл ғана іргетасы құйылып, қабырғасы көтерілген балабақша маңына ерекше сән бермек.

Ағаш отырғызуға қазыналы қарттар арнайы шақырылған. Жаңа ықшам ауданға табан тіреген аға буынға дәм ұсынылды. Өнерпаздар да осында. Домбыра шертілді, ән шырқалды.

Көп ұзамай жиналғандар балабақша алдына беттеді. Аға буынға күрек ұсынылды, сүт пісірім уақыт ішінде шырша көшеттері қаз-қатар отырғызылды. Ағаштардың бірін аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов екті. Келешекте “Бірлік” ықшам ауданы одан сайын көз тартпақ. Төңіректі көгалдандыру бойынша жоспар құрылған.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ақсақалдарымыз игі істі бастап берді. Алғашқы ағаш көшеттерін үлкендеріміз отырғызады деп жоспарлаған едік. Сол күнге де жеттік. Жаңа ықшам ауданды көгалдандыру жұмысы жалғасын табады. Жер-жерде жасыл желек болмақ. Сонымен қатар, мектеп бой көтереді. Бұл төңіректе 700 үй бар, 3 мың адам тұрады. Аумаққа заманауи әлеуметтік нысандар қажет.

Қазыналы қарттар мерекеде ағаш егілгеніне қуанышты. Олар ілкімді іс арқылы жаңа ықшам ауданда із қалдырды.

ТІЛЕК ӘБДІРАХМАНОВ, СҚО құрметті азаматы:

– Жастарымыз өте өнегелі, қажетті істі қолға алды. Еліміз аман болсын!

Балабақшаның құрылысы аяқталуға жақын. Ағымдағы айдың соңына қарай барлық жұмыс тәмамдалып, нысан ішінен ұл-қыздардың күлкісін құлақ шалмақ. Ғимаратқа Ғауез Нұрмұхамбетов аға буынмен бірге кірді. Тілдесу барысында ауданда қолға алынатын өзге де істер жайлы айтты. Соның бірін біздің спортшылар асыға күтіп жүр.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Жолдың арғы бетінде 100 үй орналасқан. Сол төңіректе футбол академиясы тұрғызылады. Жабық манеж де салынады. Мұндай нысан елімізде саусақпен санарлық дегім келеді. Жас балалар сол жерде жаттығады. Есілдің жағасында шеберлік шыңдайды. Болашақта аудан адам танымастай өзгереді.

Мерекедегі жылы жүздесу соңында жиналғандар естелік суретке түсті, бір-біріне жылы лебіз білдірді.

 

Байболат Құлтанов