Қоғам

Дін саласы қызметкерлеріне арналған семинар

Теріскейлік дін өкілдерінің білімдері толықты. Облыс орталығында “Дін мәселелері бойынша білікті мамандар даярлау” жобасы аясында семинар өтті. Оқыту курсы екі күнге жоспарланған. Шарада қаланың және облысымыздың әр ауданынан келген имамдар, теологтар және тағы да басқа басқарма өкілдері тәжірибе жинақтайды.

НҰРТАС НҰРМАХАМБЕТ, облыстық дін істері басқармасының бас маманы:

– Спикерлер Астанадан келді. Барлығы – республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері. Іс-шараға 80-нен астам адам қатысады.

Дін мәселесі – өте нәзік тақырып. Сондықтан, ақпарды дұрыс әрі нақты жеткізу маңызды. Осыған баса назар аударған ұйымдастырушылар, семинарға арнайы ораторлық дәрісті де қосыпты. Жиында көпшілік алдында сөйлеу дағдылары мен діни экстремизмнің алдын алу жайлы айтылды. Спикерлердің сөзінше, қазіргі таңда теріс ағымға үгіттеушілер көп. Сол себепті, сала мамандары діни сауаттылықты жетілдіріп отыруы тиіс. Олар халық алдында сөйлеу мәдениетін қалыптастыруы шарт.

ТОЛҚЫН АМАНБЕК, дін мәселелері жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі:

– Кей жағдайларды ақпаратпен, оратордың айтып тұрғаны бір-біріне сәйкес келмей жатады. Осы салада жүргеніме 13 жыл болды. Бейнетаспаға мамандардың ортаға шығып сөз сөйлеген кезін жазып аламыз. Содан кейін қателіктермен жұмыс істейміз.

Айта кету керек, жыл басынан бері облыстық дін істері басқармасы 2 мыңнан астам іс-шара өткізген. Ақпараттық-түсіндіру жұмыстары 20 мың адамды қамтыған.

 

Нұрасыл Ахмет