Бүгін – қазыналы Қарттар күні. Айтулы датаға орай зейнеткерлерге экскурсия ұйымдастырылды. Аға буын өкілдері жөндеу көрген және жаңадан салынған нысандарды аралады. Соның бірі – Креатив орталығы. Мұнда,әзірге, жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Орталықта тігін шеберханасы, сән мен сұлулық, дизайн студиясы болады, IT-кластер, кітапхана орналасады. Су жаңа нысанға жас та, кәрі де келіп, шығармашылығын дамыта алады.
РУСЛАН ӘЛІШЕВ, облыс әкімі аппаратының басшысы:
– Енді тұрғындарға алға қойған жоспарларын орындау үшін басқа қалаға барудың қажеті жоқ. Көріп тұрғандарыңыздай, мұнда барлық жағдай жасалған. Жастар тек мақсат қоя білсе болғаны. Үйренемін, жоба жазамын, өзімді дамытамын деген жандарға есігіміз әрқашан ашық. Орталықта мүгедектігі бар жандарға да тиісті жағдай жасалған.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ескендір Елеусізов Креатив орталығының маңыздылығына тоқталып, ұсынысын білдірді.
ЕСКЕНДІР ЕЛЕУСІЗОВ, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Нысан креативті түрде жаңғыртылып жатыр. Алдағы мұнда кез келген жастағы азамат өзінің шығармашылық қабілетін дамыта алады. Бізге де осы жерден бір бөлме арналса. Бос уақытымызда креатив орталығында бас қосып, үстел ойындарын ойнар едік.
Бұдан кейін аға буын өкілдері “Бірлік” ықшам ауданында атқарылып жатқан жұмыспен танысты.
Мәдина Қаби