Спорт

Велошеруге 200-ге жуық адам қатысты

Демалыс күні облыс орталығында дәстүрге айналған велошеру ұйымдастырылды. Жарысқа велосипеді бар кез келген тұрғын қатысуда. Александр Надобенко – қазір көш бастайын деп тұрған жанның бірі. Ол – өңірде осы спорттың дамуына үлесін қосқан жаттықтырушы.

АЛЕКСАНДР НАДОБЕНКО, велошеруге қатысушы:

– Мен бұл спорт түрімен айналысуды Александр Винокуровпен бірге бастадым, бірақ жаттықтырушыларымыз әртүрлі болды. Осы бағытты таңдағаныма 40 жыл өтіпті. Қазір мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Үміт» спорт клубында жаттықтырушы болып еңбек етемін. Мына жердегі жастардың көбін бұл спортқа мен баулыған едім. Шәкірттерімнің көптігін көріп, марқайып қалдым.

Велошеруде велоспорттың жілігін шағып, майын ішкен маманды да, велосипедпен енді танысқан жасты да кездестіруге болады. Артем Мананников тәжірибесінің аздығына қарамастан бүгін велошерушілер қатарынан табылды.

АРТЕМ МАНАННИКОВ, велошеруге қатысушы:

– Велоспортқа биыл ғана бет бұрдым. Мектебімізде арнайы үйірме бар, бос уақытымды телефонға емес, велосипед тебуге арнағанды жөн көрдім. Бүгінгі жарысқа өз қалауыммен келіп отырмын. Тәжірибелі спортшыларды көріп, өзім үлгі тұтар жандардың аз еместігіне көз жеткіздім.

Белгі берілді, жарыс басталды. Бұл жерде мақсат – асығу емес, межеге жету. Аралық – 5 шақырым. Велошабандоздар Жеңіс саябағынан қозғалып, Уәлиханов көшесі арқылы айналып келеді. Барлығы – 200 адам. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Сергей Мелеховтің сөзінше өңірде велоспорт жақсы дамып келеді. Солтүстікқазақстандықтардың тіпті жартысына жуығы осы спорт түрімен шұғылданады екен. Таңдайқақтырарлық нәтиже.

 

Мәдина Қаби