Солтүстікқазақстандық белсенділер халықаралық телекөпір ұйымдастырды. “Волонтерлік – әлемдік тәжірибе” атауын алған тікелей қосылымға Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі және Қырғызстан, Өзбекстан мен Әзірбайжандағы еріктілер қатысты.
АНАСТАСИЯ ВОЛКОВА, «Birgemiz» волонтерлік фронт-кеңсесінің басшысы:
– Волонтерлік – танымал қозғалыс. Біздің облыста, елде және өзге де мемлекеттерде бұл түсініктің маңыздылығы жылдан-жылға артып келеді. Осыған орай арнайы телекөпір ұйымдастыруды жөн көрдік. Біз бастамашы болып табыламыз. Ұсынысымызды отандық және көрші елдердегі әріптестеріміз бірден қабыл алды. Бұған өте қуаныштымыз.
Тараптардың басты мақсаты – өзара тәжірибе алмасу. Бұл тұрғыда өңір волонтерлерінің айтары мен көрсетері көп. Биылғы су тасқыны кезінде теріскейлік еріктілер сағат тіліндей жұмыс істеді. Адамдарға, жануарларға және құтқарушыларға күн-түн демей жәрдемдесті. Осылайша, қалыпты өмірді жақындатты.
АНАСТАСИЯ ВОЛКОВА, «Birgemiz» волонтерлік фронт-кеңсесінің басшысы:
– Биылғы көктемде жергілікті «Birgemiz» волонтерлік фронт-кеңсесінің мүшелері жомарт жандардың басын қосты. Ниет танытқан адамдар әртүрлі жаста болды. Олар қиын-қыстау шақта зор көмек көрсетті. Арамыздан 7 капитан таңдалды. Топбасылар барлық жұмысты ұйымдастырды. Тамақ пісіруге дейін ойластырылды. Осыны елдегі және шекара сыртындағы волонтерлер білсе, үйренсе екен дейміз.
Осы орайда айта кетейік, бүгінгі таңда Солтүстік Қазақстан облысында әртүрлі бағытта еңбек ететін 10 мыңнан астам волонтер бар. Соның жартысына жуығы Петропавл қаласында тіркелген.
Байболат Құлтанов