Солтүстік Қазақстан облысының бизнес саласын қадағалаушы және бақылаушы органдары өкілдері облыстық әкімдік қабырғасында бас қосты. Олар біріңғай есеп беру күні аясында баяндама оқып, атқарған жұмысқа және кем-кетікке тоқталмақ. Жиын шымылдығын аймақ басшысының орынбасары Рүстем Құрманов ашты. Оның сөзінше, өңірде кәсіпкерлердің саны жыл өткен сайын артып келеді.
РҮСТЕМ ҚҰРМАНОВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– Ағымдағы жылдың басынан бері облыста 1908 шағын және орта кәсіпкерлік иесі тіркелді. Бұл тұрғыда өсім байқалады. Бизнесмендердің құқығын қорғау және олардың тарапынан жасалатын бұзушылықтардың алдын алу – біздің басты міндетіміздің бірі. Жоспарға сай және жоспардан тыс тексерулер жүргізіледі. Осы орайда біз тараптардың пікірін тыңдауымыз керек. Сонда кем-кетік жойылады.
Қазіргі таңда прокуратура бизнесмендердің құқығын қорғау бойынша ауқымды жұмыс жүргізіп жатыр. Мінберге шыққан облыс прокурорының аға көмекшісі Қазыбек Ғалымжан сандарды сөйлетті. Қанша айтылғанымен кәсіпкерлер әлі де қиындықтарға тап болады. Биыл өңірде ондаған мәселе қаралыпты.
ҚАЗЫБЕК ҒАЛЫМЖАН, СҚО прокурорының аға көмекшісі:
– Біз кәсіпкерлермен кездесіп, жиындар өткіземіз. Кездесулерде 50 шақты мәселе қаралды. Көбі шешімін тапты. Сонымен қатар, облыстық прокуратурада бизнесмендердің құқықтарын қорғау жөнінде мобильді топ жұмыс істейді. Оған жыл басынан бері 85 хабарлама түсті. Оның 35-і дәлелденіп, шаралар қабылданды.
Биыл елімізде шағын кәсіпкерлік субъектілеріне тексерулер мен профилактикалық бақылау жүргізуге мораторий мерзімі аяқталды. Яғни, шенді мен шекпенділер қайтадан іске кірісті. Бұл ретте кәсіпкерлердің құлағына алтын сырға! Егер тұлға қандай да бір заңға қайшы әрекетті байқаса, қадағалаушы органға жүгіне алады.
ҚАЗЫБЕК ҒАЛЫМЖАН, СҚО прокурорының аға көмекшісі:
– Осы жылдың қыркүйек айында кәсіпкер мобильді топқа хабарласты. Қызметкерлеріміз оқиға орнына барды. Нәтижесінде заңсыз тексеру жүргізіліп жатқаны анықталды. Тексерушінің құжаттары болмаған.
Сұхбат барысында облыс прокурорының аға көмекшісі заңға қайшы бұл әрекетке еңбек инспекциясының маманы барғанын айтты. Алқалы басқосуда бизнес саласына қатысты өзге де органдардың өкілдері сөз алды. Олар өз бағыттарына сәйкес баяндама оқыды, тараптарды адал, ашық жұмыс істеуге шақырды.
Байболат Құлтанов