Қоғам

АЭС – энергия көзі

Алдағы референдумнан әр мекеме, әр адам хабардар болуы керек! Осындай ұрандағы өңірлік халықтық штаб мүшелері аймақтағы кәсіпорындарды аралауды жалғастыруда. Дүйсенбінің таңында Болат Базарбаев «Петропавл Трактор Зауыты» серіктестігіне ат ізін салды. Мұнда 50-ге тарта адам еңбек етеді. Солардың жартысынан астамына атом электр стансасының пайдасы жайлы кеңінен айтылды.

БОЛАТ БАЗАРБАЕВ, АЭС салуды қолдау жөніндегі өңірлік халықтық штабтың мүшесі:

– Атом электр стансасын салу – күн тәртібінде тұрған ең маңызды мәселенің бірі. Осыны бәріміз түсінуіміз керек. Кез келген деңгейдегі кәсіпорынға бару, ұжыммен кездесу – біздің міндет. Жұмысымыз жалғасып жатыр. Халық тарапынан сұрақтар қойылады. Барлығына жауап береміз, олардың пікірін тыңдаймыз.

«Петропавл Трактор Зауыты» серіктестігін электр қуатынсыз елестету мүмкін емес. Мұндағы мамандар күн сайын цехтарда еңбек етеді. Олар уақыт өте энергия тапшылығын сезінсе, тұтас жұмыс баяулайды. Болат Базарбаев осы және өзге де тұстарға тоқталды, қызметкерлерді алдағы референдумға жауапты қарауға шақырды. Кездесу соңында жергілікті Ассамблея мен Қоғамдық келісім мекемесі атынан бірнеше жұмысшы кешегі Еңбек күніне байланысты Алғыс хатпен марапатталды.

 

Байболат Құлтанов