Мемлекеттік қызметші – қоғам айнасы. Жауапкершілік жүгін арқалаған жандар әдепті әрі сыпайы болуы тиіс. Бұл бағытта солтүстікқазақстандық мамандармен облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Сейілхан Серікбаев тұрақты негізде жұмыс жүргізеді. Басты мақсаттың бірі – тиісті заңдарды және кодексті түсіндіру.
СЕЙІЛХАН СЕРІКБАЕВ, СҚО әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі:
– Облыс әкімдігінде 20 басқарма, өңірде 13 аудан мен Петропавл қаласы бар. Әр жерде әдеп жөніндегі уәкіл жұмыс істейді. Соған қарамастан өзім жер-жерді аралап, түсіндіру жұмыстарын жүргіземін.
Дөрекі сөйлемеу, әкімшілік құқық бұзушылық жасамау, сыбайлас жемқорлыққа бармау. Осы және өзгелерін облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі мемлекеттік қызметшілердің құлағына үнемі құйып отырады. Тиісті жазалар жайлы да айтады. Сонымен қатар, Сейілхан Серікбаев мамандардың құқығын қорғайды. 9 айдың қорытындысы дайын. Жыл басынан бері бірнеше арыз қаралыпты.
СЕЙІЛХАН СЕРІКБАЕВ, СҚО әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі:
– Мемлекеттік қызметшілер қызметті бұзды деген 5 арыз түсті. Барлығын қарап шықтым. Біреуі де растығын тапқан жоқ.
Бүгінгі таңда елімізде 750-ден астам әдеп жөніндегі уәкіл бар. Айта кетейік, Сейілхан Серікбаев өткен жылы “Үздік әдеп жөніндегі уәкіл” республикалық конкурсына қатысты. Сайыста жерлесіміздің асығы алшысынан түсіп, топ жарды.
Байболат Құлтанов