Ғ.Мүсірепов ауданында екі бірдей медициналық нысан салынып жатыр. Бірі Бірлік ауылында орналасқан.
Фельдшерлік-акушерлік қосынның құрылысы мамыр айының соңында бастау алған екен. Қазір 90 пайызы аяқталып қалған. Нысан ашылысымен 3 ақхалатты жұмыспен қамтылады. Ауылдағы тұрғын саны 700-ге жуықтайды, оның 200-ге жуығы дертіне байланысты есепте тұр.
ВИТАЛИЙ АВРАМЕНКО, Ғ.Мүсірепов аудандық орталық ауруханасының директоры:
– Бұл фельдшерлік-акушерлік пунктте күндізгі стационар болады. Мұнда көрші ауылдың тұрғындары да келіп, қарала алады. Қос фельдшер жұмыс істейді және сырттан бір жалпы тәжірибедегі дәрігер аптасына 2 рет келіп, тұрғындарды қабылдайды. Есепте тұрғандардың көбінің қан қысымы жоғары және жүрегі ауырады. Ауылда үш мүмкіндігі шектеулі адам бар.
Нысан бүкіл талапқа сай болады. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандарға арналып тиісті жағдай жасалып жатыр.
Мердігер – новоишимкалық. Нысанды тапсыруға санаулы күн қалған.
РУСТАМ МАМБЕТАЛИНОВ, мердігер серіктестіктің құрылысшысы, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– Фельдшерлік-акушерлік қосынның құрылысына республикалық бюджеттен 200 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Құрылыс қарқынын бәсеңдеткен жоқпыз. 10 техника, 20-ға жуық маман жұмылдырылды. Нысанды 10 күннің ішінде тапсырамыз.
Келесі нысан Возвышенка ауылында салынып жатыр. Көктемде салына бастаған медициналық пункттің де құрылысы аяқталып қалды. Енді жарық тартылып, жиһаздар жеткізіледі, тиісті құрал-жабдықтар орнатылады.
СЕРГЕЙ ВОРОНОВ, учаске бригадирі, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– Медициналық пункттің құрылысына республикалық бюджеттен 260 млн теңге бөлінді. 15 адам жұмыс істеді.
Нысанның іші кең. Ыстық су да, суық су да бар. Жылу берілді. Құрал-жабдықтардың барлығын көрші елден және Қазақстанның өзге қалаларынан әкелдік.
Алеся Милошевич – осы ауылдың медбикесі. Елді мекенде қызмет етіп келе жатқанына 10 жылдан асқан.
Ақхалатты әзірге мына ескі ғимаратта еңбек етуде. Таяу арада жарық, жылы әрі жайлы нысанға көшеді. Возвышенкада 300-ден астам адам тұрады. Оның 80-і – бала. Медбикеге көбінесе қарт жандар келіп жүгінеді.
АЛЕСЯ МИЛОШЕВИЧ, Возвышенка ауылының медбикесі, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– Диспансерлік есепте тұрған жандардың саны 50-ге жуықтайды. Көбінің жүрегі ауырады, қант диабеті мен астма дертіне шалдыққан. Сырқаты бар жандар әрқашан уақытылы қаралып отырады, тегін дәрілерін алады. Ауылда биыл 3 бала дүниеге келді. Мен мұнда негізі шұғыл жағдайда көмек көрсетемін, тұрғындар тұрақты негізде аудан орталығына барып қаралады.
Тоқтала кететін тағы бір маңызды жайт, қос медициналық нысанда дәріхана болады.
Мәдина Қаби