Қоғам

Ербақыт Амантайұлы: АЭС салынса, құрылысын Атом энергиясы жөніндегі агенттік мамандары бақылайды

Маңызды нысанның мүмкіндігі айтылды. Бүгін облыстық халықтық штаб мүшелері Әлихан Бөкейхан атындағы №25 мектеп ұстаздарымен кездесу өткізді. Жиында елімізде электр энергиясының тапшылығы тілге тиек етілді. Білікті мамандар ұстаздарға мемлекетіміздің жарқын болашағы үшін өз қалауын білдіріп, алдағы референдумға белсенді қатысуға шақырды. Алдағы уақытта атом электр стансасы салынатын болса, қорқудың қажеті жоқ. Себебі, қуат орталығының құрылыс барысын Атом энергиясы жөніндегі агенттік бақыламақ.

ЕРБАҚЫТ АМАНТАЙҰЛЫ, облыстық халықтық штаб мүшесі:

– Энергетика саласындағы тұрақтылықты сақтау үшін АЭС қажет. Себебің, біздегі ЖЭО-дың тозығы жеткен.

Өздеріңізге белгілі, апта басында өңірімізге республикалық халықтық штаб мүшелері келген болатын. Олар жергілікті мамандардың АЭС жайлы сұрақтарына жауап беріп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Ербақыт Амантайұлының сөзінше, келген жандардың берген мағлұматы осы сияқты кездесулер барысында зор септігін тигізуде.

ЕРБАҚЫТ АМАНТАЙҰЛЫ, облыстық халықтық штаб мүшесі:

– Өзіміз білмейтін көптеген мағлұматтар жайлы білдік. Сала мамандары нақты деректермен бөлісті.

Жиынға 40-қа жуық жан қатысты. Ұстаздар білікті мамандарға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды.

 

Нұрасыл Ахмет