Жақсының аты өлмейді! С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхана қабырғасында Сұраған Есенеев жайлы кітаптың тұсауы кесілді. Бұл азамат – Айыртаудың тумасы. Өмірінің көп бөлігін Аққайың ауданында өткізген. Саналы ғұмырын ауыл шаруашылығы саласына арнаған.
Кітаптың атауы – “Еңбегі елдің есінде”. Авторы – Сұраған Есенеевтің қызы Жайнар Сұрағанқызы және күйеу баласы Әбутәліп Әмір. Туындыда Амангелді ауылының дамуына сүбелі үлес қосқан тұлғаның өмірі мен ілкімді істері баяндалады. Деректерді қағазға түсіру қиынға соққан. Өйткені, сол кездегі адамдардың дені өмірден өтіпті.
ӘБУТӘЛІП ӘМІР, кітаптың авторы:
– Ол кісі үлкен отбасыны басқарған. Кезінде өте жақсы жұмыс істеген. Екі бірдей Қызыл ту ордені мен Құрмет белгісі орденін иеленген. 7-8 айдай мәлімет жинадық. Мәлімет жинау қиынға соқты. Бұны білсек, 10-15 жыл бұрын қолға қалам алар едік. Өйткені, ол кісіні білетін адамдар қазір жоқтың қасы.
Кітаптың тұсаукесеріне құрметті азаматтың туысқандары мен жақындары келді. Жұмаш Сейпеева Амангелді ауылында тұрыпты. Туынды арналған жерлесімізбен көрші ғұмыр кешкен. “Сұраған Есенеев елді мекенде басқарушы болғанда біраз өзгеріс орын алды”, – дейді нәзікжанды.
ЖҰМАШ СЕЙПЕЕВА, Сұраған Есенеевтің көршісі:
– Аға өте жақсы адам болды. Ауылдың адамдарына жайлы еді. Ешкімді ренжіткен жоқ. Жұбайы да жақсы адам болды. Ағаларымызбен бірге өмір сүрдік. Кейін олар көшіп кетті. Оның артынан ауыл тарап кетті.
Өкінішке қарай, бүгінде Амангелді ауылы жоқ. Оқырман қауымның құлағына алтын сырға! Сиясы әлі кеуіп үлгермен кітаптың бір бөлігі облыстық кітапханаға сыйға берілді.
Мәдина Қаби