Жұмыс істеп ақша ғана таппайсың, ойлау қабілетін де дамытасың! 27 қыркүйек – Еңбек күні. Осыған орай М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжде “Менің нәтижем. Менің жетістігім” атты дебат сайысы ұйымдастырылды. Бұл – дәстүрлі шара.
ДИДАР СЕРІКҰЛЫ, М.Жұмабаев атындағы жоғары колледжінің студенті:
– Дебатқа 3 жылдай қатысып келемін. Дебат ойынының арқасында халықтың алдында сөйлеуді, ораторлық қабілеттерімді дамыттым.
Пікірталас сайысына облыстың түкпір-түкпірінен келген және қаланың 20 колледжі қатысты. Ортағы қойылған тақырып – жастарды жұмысқа ынталандыру. Тараптар қызмет берушінің және қызмет етушінің рөліне енді. Түрлі сауалдарға жауап табылды. Мысалы, “Басшы дөрекі сөйлеген сәтте қалай жауап беру қажет? Қызметкердің өзіндік қандай құқықтары бар?” сынды сұрақтар қойылды.
ҚҰНДЫЗ МАЛҒАЖДАРОВА, дебат клубының жетекшісі:
– Бұл дебаттық турнирдің мақсаты – еңбекке деген оң көзқарас қалыптастыру. Дебат жастарға жұмысқа жауапкершілікпен, өзіндік сыни тұрғыдан қарай білуді үйретеді.
Мамамандардың сөзінше, жастар арасында осындай шараларды жиі өткізіп отыру қажет. Шара ұл-қыздардың жұмысқа деген ынта-жігерін оятады.
Мәдина Қаби