Петропавлда Солтүстік Қазақстан облысының барлық деңгейдегі әкімдерінің кеңесі өтті. Алқалы жиынға өңіріміздің түкпір-түкпірінде еңбек ететін атқамінерлер шақырылған. Ақ жағалы азамат-азаматшалар – қоғамды алға бастаушы, елді дамытушы адамдар. Яғни, бұл жандардың иығына артылған жүк аса ауыр.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Сіздер үшін халықтың әлеуметтік жағдайын біліп, керек кезде жедел әрекет ету – тұрғындардың алдындағы жоғары жауапкершілік. Мемлекет басшысы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін ауқымды реформалар жасауда. Президент биылғы Жолдауында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – еліміздің стратегиялық дамуының негізгі бағыттарының бірі екенін атап өтті.
Кеңес шымылдығын ашқан аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов ең алдымен сыбайлас жемқорлық жайлы сөз қозғады. Қазақстанда бұл бағытта ауқымды жұмыс атқарылып жатыр. Нәтиже бар. Қапқа сыймас қаржыны қанжығаға байлағандар құрықталып, темір торға тоғытылуда, айыппұл арқалауда. Алайда, халықтың игілігі үшін бөлінген ақшаны қалтаға басу жайты тыйылмай тұр.
АСХАТ ЖАҚЫПБЕКОВ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:
– Айқындық пен ашықтық. Мемлекеттік органдардың жұмысы ашық болғаны маңызды. Біз жергілікті билік органдарының қызметі, бюджеттері мен шығындары туралы ақпаратқа қол жеткізуді қамтамасыз етуіміз керек.
Асхат Жақыпбеков баяндамасында жең ұшынан жалғасқан жемқорлықпен күрес жолдарын жіпке тізді. Заңның ала жібін аттаған теріскейлік мемлекеттік қызметкерлердің атын да атады, жасаған істерін де жария етті. Осы арқылы залда отырған барлық деңгейдегі әкімдерге судың да сұрауы барын ұғындырды. Кеңес барысында ауылдарды дамыту жайлы сөз қозғалды. Өкінішке қарай, осыдан ондаған жыл бұрын елдің еңсесін тіктеуге үлес қосқан елді мекендердің барлығы бірдей бүгінде гүлденіп отырған жоқ. Мұны бес саусақтай білетін билік арнайы бағдарлама әзірледі. Оның іске асырылуын облыста Қанат Дүзелбаев қадағалайды.
ҚАНАТ ДҮЗЕЛБАЕВ, СҚО әкімінің орынбасары:
– Ағымдағы жылы «Ауыл-Ел бесігі» бағдарламасы бойынша облыстың 59 ауылында 77 жобаны жүзеге асыру көзделген. Бұған 14 млрд теңгеге жуық қаржы бағытталды. Қомақты ақшаның жартысынан астамы шекарада орналасқан 15 елді мекеннің жағдайын жақсартуға бөлінді. Жоспар ауқымды. 2027 жылға дейін кемдегенде әр жыл сайын 50 ауылдан дамытуды көздеп отырмыз.
Қанат Дүзелбаев жетістіктерді де, кемшіліктерді де баса айтты. Өңірдің кейбір елді мекенінде халық үшін қажетті нысандар жоқ. Бұған бірінші кезекте ауылдық округ әкімдері назар аударуы тиіс. Сонымен қатар, кәсіпкерлер де ынталуы болуы қажет. Яғни, егін егіп, мал ұстағандардан немесе өзге жолмен табыс табатындардан қайтаруым болғаны жөн. Бұны жақында Президенттің өзі айтты.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Ел Президенті Қостанай облысына жасаған жұмыс сапары барысында диқандармен кездесті. Жүздесуде мемлекет ауылдарда еңбек етіп, сол жердің әл-ауқатына көңіл бөлетін жандарды міндетті түрде қолдайтынын тілге тиек етті. Ал ауылға жылына 2-3 рет барып, табысты қалтаға салып, Астанада, Алматыда немесе өзге елде тұратын жер пайдаланушылар қажет еместігін баса атап өтті. Әріптестер, мен Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтқанын бастан-аяқ оқып шықтым. Біз осыны ұғынуымыз керек.
Ғауез Нұрмұхамбетов аудан, ауылдық округ әкімдеріне және басқарма басшыларына ауылдық жерлерді дамыту жөніндегі тұжырымдамада көрсетілген міндеттерді жыл соңына дейін орындауды тапсырды. Кеңесте “Зенченко и К” КС директоры Геннадий Зенченко сөз алды. Туған жерін гүлдендірген азаматты күллі Қазақстан біледі. Кәсіпкерлер осындай жандардан үлгі алуы тиіс.
ГЕННАДИЙ ЗЕНЧЕНКО, “Зенченко и К” КС директоры:
– Бүгінде халық тұрақтылықты қалайды. Бір жерден екінші жерге көшуді, жаңадан өміру бастауды ешкім қаламайды. Сондықтан, тұрғындарға лайықты жағдай жасау керек. Егер көңіл бөлінсе, ауылдан адам көшпейді. Яғни, кәсіпкер жұмысшы іздеп бас қатырмайды. Бұл өз кезегінде өндіріске, елдің дамуына алып келеді. Қарапайым дүние. Біздің елді мекендердің дамығанын қалаймыз.
Барлық деңгейдегі әкімдердің кеңесінде елді дамытудың, тұрғындардың өмірін жақсартудың өзге де жолдары айтылды. Атқамінерлер ұйып тыңдады, қағазға түртіп алды. Бұл олардың жұмысына серпін берері сөзсіз.
ДАЛАБАЙ ҚАБДУАЛИЕВ, Николаевка ауылдық округінің әкімі, Есіл ауданы:
– Форумның берері мол. Тәжірибе жинақтауға өзінің септігін тигізеді.
Ауқымды жиын марапаттау рәсімімен аяқталды. Аймақ басшысы Ғауез Нұрмұхамбетов елдің дамуы жолында тер төгіп жүрген бірқатар жерлесімізге Алғыс хатын табыстады.