Ғ.Мүсірепов ауданында орақ науқаны қызу жүріп жатыр. Диқандар қолайлы ауа райын пайдаланып аянбай тер төгуде. “Западное-СК” серіктестігі маңызды істі тамыз айында бастаған. Агроқұрылым жұмсақ бидай егумен айналысады. 14 мың гектар аумаққа дән сіңірген. Мамандар былтырғы жылғы қуаңшылықтан кейін мол өнім алуға үмітті.
МӘДИНА ҚАБИ, тілші:
– Тоқсанбилік жігіттер қазір жұмыстың 60 пайызын аяқтады. Алдағы 1 аптаның ішінде жұмсақ бидайды толықтай жинаймыз деп отыр. Ал жиналған барлық өнім элеваторға жіберілуде.
Маңызды науқанға 18 техника мен 120 адам жұмылдырылған. Серіктестіктің бас агрономы Қайрат Бегалиннің сөзінше, басты мақсат – астықты шашау шығармай әрі уақытында жинап алу, ылғал сіңгенін кептіру.
ҚАЙРАТ БЕГАЛИН, “Западное-СК” ЖШС бас агрономы, Ғ.Мүсірепов ауданы:
– Орақ науқанын 10 күннің ішінде аяқтауды жоспарлап отырмыз. Алынған өнімді бірден фермаға жеткіземіз. Кейін астық қабылдау қоймаларына жібереміз.
Биыл ауданда шығымдылық көрсеткіші былтырғыдан әлдеқайда жоғары. Маңызды науқанға 600-ге жуық техника жұмылдырылыпты. 52 астық қабылдау орны жұмыс істеп тұр. Элеваторлар күн-түн демей өнім қабылдайды.
ЕРЛАН ӘДІЛБЕКОВ, Ғ.Мүсірепов ауданы әкімінің орынбасары:
– Ауданымызда биылғы жылы 670 мың гектар аумаққа дән сіңірілді. Оның 560 мыңын дәнді және дәнді бұршақты дақылдар алып жатыр. Қазіргі таңда барлық жұмыстың 60 пайызын аяқтадық. Гектар берекелігі 16,8 центнерді құрайды. Жанар-жағармай бойынша мәселе жоқ. Арзандатылған сұйықтықты барлығы алды.
Жалпы, ауданда 300-ге жуық серіктестік бар. Мүсіреповтік диқандар қолайлы ауа райы сақталса, жиын-терім жұмыстарын қазан айының басында аяқтауды жоспарлап отыр.
Мәдина Қаби