Спорт

Ерекше балаларға арналған спорттық фестиваль өтті

Мына жеткіншектердің құлағының мүкісі бар, енді бірі сөйлей алмайды. Соған қарамастан олардың еңселері тік, спортқа деген құлшыныстары зор. Бүгін облыс орталығында “Qyzyljar fest” атты спорттық фестивалі өтті. Басты мақсат – денсаулығында кінәраты бар кішкентай ұл-қыздардың да спортпен шұғылдана алатынын, қолдарынан бәрі келетіндігін көрсету. Шараны ұйымдастыруға атсалысқан балалар орталығының басшысы Евгения Бойкомен тілдесіп көрдік. Нәзікжандының өзі де ерекше баланың анасы екен. Сондықтан, мұндай ұл-қыздарға қатысты шаралардың өтуіне бейжай қарай алмайды.

ЕВГЕНИЯ БОЙКО, балалар орталығының басшысы:

– Жыл сайын ерекше балаларға арнап спорттық жарыстар ұйымдастырамыз. Өзіміздің әр жылға арналған жоспарымыз бар. Бүгін жеңіл атлетикадан өткізсек, келесі жолы жүзу, конькимен жүгіру және футболдан сайыстар ұйымдастырылады. Мүмкіндігі шектеулі жандар назарсыз қалмауы тиіс. Оларға әрдайым көңіл бөлуге міндеттіміз. Сол үшін бірнеше іс-шара өткізіп тұрамыз.

Даниил Кравцов 10-шы сыныпта оқиды. Жігерлі жас жеңіл атлетикадан сынға түсті. Жеткіншек салауатты өмір салтын ұстанғанды, спортпен айналысқанды ұнатады екен.

ДАНИИЛ КРАВЦОВ, С.Сәдуақасов атындағы №2 орта мектебінің оқушысы:

– Спорттық фестивалдің өткеніне өте қуаныштымын. 60 метрге жүгіруден 1-ші орын алдым. Шынымды айтайын, жақын қашықтықты бағындыру қиынға соқты, шаршап қалдым. Сонда да мойымай мәре сызығын бірінші болып кестім. Барлық жастарды спортпен шұғылдануға шақырамын.

Жарысқа 30-ға жуық бала қатысты. Барлығына медальдар және бағалы сыйлықтар берілді.

 

Нұрасыл Ахмет