Балалар

Ата-ананың берген тәрбиесі – бала мінезінің іргетасы

Ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынас. Қазіргі кездегі жеткіншектердің психологиясы. Кеше 8-ші мектепте осы тақырып аясында жиналыс өтті. Өздеріңіз білетіндей, қазіргі таңда жастар әлеуметтік желіден бас алмайды. Тиісінше, олар түрлі видео көреді, ойындар ойнайды. Ғаламторда жасөспірімдердің санасын улайтын ойындар көп. Оның ішінде өлімге итермелейтіндері де бар. Психолог Елена Скакунованың сөзінше, әр мектепте жеткіншектермен жұмыс істейтін жандар болуы тиіс.

ЕЛЕНА СКАКУНОВА, психолог:

– Ата-аналарға айтарым, балаларынызбен жиі сөйлесіңіздер, әңгіме-дүкен құрыңыздар, телефондарын тексеріңіздер. Сіздер олардың не ойнап, не көріп жатқанын бақылауларыңыз керек. Осылай сіздер қауіпті жағдайлардың алдын аласыздар.

Ата-аналардың көбі балаларының қарны тоқ, киімі көк болса болды деп санайды. Бірақ, жеткіншек ең алдымен әке-шешесінен махаббат, жылулық алуы керек. Психологтардың сөзінше, ата-анасының мейіріміне бөленбеген баланың бойында дофамин – бақыт, қуаныш гормондары өте аз бөлінеді екен. Сол себепті, олар бұл гормонды сырттан алуға тырысады. Яғни, ішімдікке әуестік, есірткі шегу, түрлі ойын ойнауы осыдан пайда болады. Өтіп жатқан іс-шараның да басты мақсаты сол – азамат-азаматшаларға балаларын жиі қадағалап, көңіл бөлуге шақыру. 3 баланың анасы Ирина Арендаренкомен тілдесіп көрдік. Нәзікжанды осы сияқты жиындар көптеп өткізілгенін қалайды екен.

ИРИНА АРЕНДАРЕНКО, ата-ана:

– Балаларыммен күн сайын кешкі ас ішіп отырған кезде әңгімелесемін. 3 балам бар. Үлкенім 10-сыныпта, кішкентайым 1-ші сыныпта оқиды. Телефондарын жиі тексеремін. Осы бастан қадағаламасам, ертең өзіме қиын болуы мүмкін. “Тәрбие – тал бесіктен” деп бекер айтылмаған ғой, ата-аналар баласының тәрбиесіне барынша көңіл бөлуі қажет.

Басқосуға барлығы – 100-ге жуық жан қатысты. Ата-аналар білікті мамандарға көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды.

 

Нұрасыл Ахмет