ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Бюджет қаржысын тиімді пайдаланып, оның шығыс бөлігін шектеп, қатаң бақылауда ұстаған жөн. Үкімет Ұлттық Банкпен бірлесіп, осы мәселеге қатысты нақты шаралар қабылдауға тиіс. Мемлекет қаржысының тұрақтылығын қамтамасыз етудің бірден бір жолы – көрпеге қарай көсілу. Сондықтан бюджет қаражатын стратегиялық маңызы жоқ, аса шұғыл емес шаруаларға оңды-солды шашуды доғару керек.
Президент қыркүйектің басында Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында қазына қаржысының жұмсалынуы арнайы тоқталды. Бүгін саяси маңызды құжаттың дәл осы тұсы «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Miras» кеңесінің отырысында сөз болды. Тарих беттерін парақтайық. 1999 жылы Үкімет “Мерейтойлар мен атаулы күндерді мерекелеу туралы” қаулы қабылдаған. Сонда бюджет есебінен нені тойлауға болатыны тайға таңба басқандай жазылыпты.
ЕРБАҚЫТ АМАНТАЙ, «AMANAT» партиясы СҚОФ жанындағы «Miras» кеңесінің төрағасы:
– Облыстардың, қалалардың, ұйымдардың және жекелеген тұлғалардың мерейтойлары 100 жылдығында атап өтілуі қажет деп жазылған. Араға 25 жыл салып, тағы атап өтуге болады. Алайда, қазір бұл тәртіп сақталмайды.
Қазақ «Ауылына қарап, азаматын таны» деп жатады. Елімізде, өңірімізде елді ойлайтын патриоттар бар. Мұны істеген ілкімді істеріне қарап аңғарып жүрміз. Алайда, бес саусақ бірдей емес. Қазір кәсіпкерлердің басым бөлігі қоғамдық жұмысқа қаржы бөлмейді. Президент Жолдауында осы мәселе төңірегінде әңгіме қозғап, пікір білдірді.
ЕРБАҚЫТ АМАНТАЙ, «AMANAT» партиясы СҚОФ жанындағы «Miras» кеңесінің төрағасы:
– Олар осы елдің азаматы ретінде мектеп, аурухана, стадион, музей және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар салуға қомақты қаржы бөлуге міндетті. Мұндай кәсіпкерлердің есімі жомарт жандардың «алтын тізіміне» жазылады.
Жиын барысында «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Miras» кеңесінің төрағасы Ербақыт Амантай Жолдаудың өзге де тұстарына тоқталды.
Байболат Құлтанов