“Жол активтері сапасы ұлттық орталығы” филиалының қызметкерлері биыл кепілдік мерзімі өтпеген 198 шақырымға жуық учаске мен 1200 шақырымнан астам жолды тексерген. Мамандар құзырлы органдарға республикалық жолдардың 199 километріне орташа жөндеу және 130-дан астам километріне күрделі жөндеу жүргізуді ұсынған. Орталық қызметкерлері биыл республикалық маңыздағы бағыттарға басымдық беріп отыр. Осы орайда барлығы – мың жарым шақырымға жуық аралықты қарап, бағалап шыққан. Жол жағдайы мен сапасын диагностикалау жұмысы жылжымалы жол зертханасының көмегімен жүргізіледі. Тексеріс барысында жолдың геометриялық параметрлері өлшенеді, жол төсемінің серпінділік модулі, жабынның бойлық тегістігі, ілінісу коэффициенті, бойлық және көлденең еңістері тексеріледі, жабынның ақауы анықталады. Барлық параметрлер GPS координаттар жүйесі арқылы бекітіледі.
Данаш Хамза