Қоғам

Полицейлер жастарға оңай жолмен ақша табу неге әкеп соғатынын көрсетті

Тәртіп сақшылары мен қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің қызметкерлері студенттер үшін әйелдер колониясында экскурсия ұйымдастырды. Ең алдымен мекеме мамандары жастарға арнап түсіндірме жұмысын жүргізді және өздерімен бірге тыйым салынған заттардың бар-жоғын тексерді. Содан кейін ғана барып ішке кіруге рұқсат етілді.

– Просто нажала на ссылку, так скажем, ну, и пишут: здравствуйте, нам нужен курьер.

Студенттер есірткі тасымалдаумен айналысқан екі қостанайлық қыздармен кездесті. Нәзікжандылар 10 жылға бас бостандығынан айырылған. Аталған іс-шараның өтуі тегіннен тегін емес. Осы арқылы тәртіп сақшылары жастарды заңның ала жібін аттаса, қандай күй кешетіндерін көрсетті.

– Цените то, что вы имеете. Т.е. даже если какие-то ссоры дома, закройте на это глаза, сделайте первый шаг, помиритесь с родителями. Они не вечны. Никто не знает, что будет дальше.

Заңның ала жібін аттаған қыздар сотталмас бұрын колледжде білім алып жүрген. Қыздар келген жастарға оңай жолмен ақша табудың соңы неге әкеп соғатынын айтты.

ЛИАНА СОЛОДКОВА, Петропавл гуманитарлық-техникалық колледжінің студенті:

– Аяқтарын шалыс басқан құрдастарымызбен әңгімелестік. Тәртіп сақшыларына іс-шараны ұйымдастырғаны үшін алғысымызды білдіреміз. Барлығын көріп, көзіміз ашылды. Осы сияқты экскурсиялар жиі өткізілсе деймін. Себебі, осы арқылы жастар оңай ақша табудың соңы неге әкеп соғатынын түсінер еді.

Мамандар жастарға колонияның ішін толығымен көрсетті. Студенттер жазасын өтеп жатқан нәзікжандылардың тыныс-тіршілігімен танысты.

ЗАРИНА ПОПОВА, СҚО ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі:

– Жастар үшін нәзікжандылардың істеген істері жайлы өз ауыздарынан есту маңызды деп есептейміз. Жастар іс-шара барысында жеңіл ақша таппақ болғаны үшін сотталған екі қызбен әңгімелесті. Бұл оларға өмірлік сабақ болды деп ойлаймын. Дәл осындай шараларды өткізу аса маңызды. Себебі, осы арқылы көптеген қылмыстың алдын аламыз.

ПД өкілдері жастарды әлеуметтік желіде отырған кезде түрлі қаскөйлердің арбауына түсіп қалмауға шақырады.

 

Нұрасыл Ахмет