Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы

Өсімдік шаруашылығы көрсеткіштерінің төмендеуі егін жинау науқанының созылуына байланысты. Өңдеу өнеркәсібінде көлем 4 пайызға өсті. Оң өсімде облыс орталығындағы кәсіпорындардың үлесі басым. Биыл облысқа 250 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 13 пайызға көп.

ҚУАНЫШБЕК ҚАЛИЖАНОВ, СҚО экономика басқармасының басшысы:

– Бұл ретте Тимирязев ауданында, Жамбыл, Тайынша, Аққайың, Мамлют, Қызылжар, Айыртау аудандарында төмен динамика байқалады. Ғ.Мүсірепов ауданында инвестиция көлемі аз. Бұл ретте тамыз айында динамика бар, 8 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылды.

Аймақ басшысы барлық саланың көрсеткіштеріне жан-жақты тоқталып, тиісті тапсырмалар берді.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өңдеу өнеркәсібінде шамамен 50 пайызын азық-түлік өндірісі алады. Осыған байланысты негізгі көлемге ірі және шағын кәсіпорындардың өндірісін ұлғайту есебінен қол жеткізу керек. Жыл соңына дейін азық-түлік өндірісінің өсімі 105 пайызға дейін көтеру жоспарланған.

Биылғы жылы 330 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланса, оның 123 мыңға жуығы қолданысқа берілді. Ғауез Нұрмұхамбетов баспана тапсыруда мәселе болмау қажеттігін ескертті.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– 2024 жылы көрсеткіштерді біршама арттыруымыз қажет. Өңір экономикасына оң әсер ететін барлық шараға қолдау білдірілсін. Даму жоспарына сай жұмыстар атқарылуы тиіс.

Сондай-ақ, жиында автожолдарды қысқа дайындау мәселесі де қаралды. Өңірлік желі бойынша 180 техника дайын. 130 адам мен 11 жол жөндеу пункті жұмылдырылды.

ЕРДЕН ШОРТЫБАЕВ, СҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– 20 қазаннан бастап бұталарды жұлып, су өткізгіш құбырларды жабу және мұздан тазартатын материалдар мен реагенттерді жинақтау жұмыстары жоспарланған. Жолдарды күтіп ұстау бойынша конкурстық құжаттамаға дайындық жүріп жатыр.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Барлық аялдамалар асфальтқа дейін тазартылуы керек. Адамдар автобустан түсіп, құлап, жарақат алады. Неліктен жолдар осындай күйде? Аялдамалар жазда да, қыста да таза болуы керек.

Жиында электр қуатын үздіксіз беру мәселесі де сөз болды. Өңірдегі электр энергиясын шығаратын екі орталық бар. Ал, сарапшылар желілердің тозғанын айтады. Осыған байланысты электр желілері мен қосалқы станцияларды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған.

ДАНИЯР ҚУАНЫШБАЕВ – СҚО бойынша энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы:

– Тозғандықтан электр желілерінде апаттар көп. Мәселен, Солтүстік Қазақстан электр тарату компаниясы желілерінде былтыр 1443 апат тіркелді. Ал биылғы жылдың 8 айында осындай 1254 оқиға болды. Екінші Көкшетау Энерго орталығында былтыр 345 апат орын алса, биыл 460 оқиға болған.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Былтырғы қыста 162 елді мекен электр қуатынсыз қалды. Ресейден 7 мегаватт шамасында электр қуатын қарызға алуға тура келді. Сондықтан, мұндай жағдай орын алмас үшін бүгіннен дайындалу керек.

Сондай-ақ, аймақ басшысы су тасқынына қарсы барлық шараларды 2024 жылдың 15-ші қарашасына дейін аяқтауды тапсырды. Солтүстік Қазақстан облысында жалпы ұзындығы 130 шақырымды құрайтын 60 қорғаныс бөгеттері бар. Су тасқынының салдарын жою үшін жол картасы әзірленді.

ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бүгінде халықтың келесі жылғы су тасқынынан қауіпсіз өтуі бәрінен де маңызды. Бүгінде бөгеттерді нығайту жұмысы жүріп жатыр, тәулігіне 23 мың текше метр жеткізілуі керек. Бұл шаруа менің қатаң бақылауымда болады.

Биылғы су тасқыны кезінде Солтүстік Қазақстан облысының 8 ауданы, сондай-ақ, Петропавл қаласының 44 елді мекені зардап шекті. Су 4 мыңға жуық тұрғын үйді басып қалды.

“Қызылжар” телеарнасы