Облыстық қуыршақ театры жаңа маусымға тыңғылықты дайындалуда. Қазір қара шаңырақтың әр өндірістік цехында қызу жұмыс. Он саусағынан бал тамған мына жандар сахналық мүсіндер әзірлеп жатыр. Шеберлерге аса жауапты міндет жүктелген. Ал келесі бөлмеде тігіншілер тер төгуде. Жеті рет өлшеп, бір рет кесер мамандар актерлердің киімдері мен өзге де дүниелерге жауапты.
БАЙБОЛАТ БЕКТЕМІРҰЛЫ, тілші:
– Жаңа маусым қазанның 18-і күні ашылады. Өнер ұжымы үшін биылғы жыл ерекше болмақ. Сахна саңлақтары 35 маусымды бастайды. Шымылдық түрілетін кеште жапон драматургының пьесасы ұсынылады.
Ресейлік режиссердің аты-жөні – Борис Ходырев. Саланың жілігін шағып, майын ішкен маман Петропавлға жиі ат ізін салып тұрады. Ағымдағы жылдың ақпан айында ерекше ұсыныспен келіпті. Оны театр ұжымы мақұлдап, әзірлікті бастаған. Қазанда кішкентай көрермендерге үйреншікті комедия емес, “Благодарный журавль” трагедиясы ұсынылмақ.
Мұндай шешімді білікті режиссер бекерден-бекер қабылдамаған. Оны қоғамдағы жайттар қатты алаңдатады. Өнер иесінің көздегені – кемшіліктерді балаларға көрсету, олардың бойында қарама-қайшы пікір қалыптастыру.
БОРИС ХОДЫРЕВ, режиссер, РФ:
– Мұндай жанр қуыршақ театрларында өте сирек таңдалады. Жеке пікірім, бізге трегедия көп нәрсені ұғындырады. Қойылымда көтерілетін мәселе қазір көп жерде бар. Біз ақша деп қатты өзгердік. Адамдар басқа бағытқа кетіп бара жатыр. Жақсы істер мен қамқорлық ұмыт қалғандай көрінеді. Міне, осыны балаларға көрсеткім келеді. Олар осы күннен ақ пен қараны білуі тиіс.
Айта кету керек, биыл актриса Айгүл Хасенованың қуыршақ театрында еңбек етіп жүргеніне 25 жыл болады. Өнер иесіне әріптестері ерекше құрмет көрсетуді шешіпті. Алдағы маусымашар қойылым “Мәдениет саласының үздігі” төсбелгісінің иегеріне арналмақ.
АЙБОЛ ҚАСЫМ, облыстық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі:
– Жаңа маусымда көрермендерге 5 қойылым жол тартады. Қазір ресейлік режиссермен жұмыс жүргізіп жатырмыз.
Облыстық қуыршақ театры жаңа маусымда еліміздің өзге өңірлеріне немесе көрші елдерге баруды жоспарлап отырған жоқ. Актерлер қазанан бастап аудандарды аралайды. Онда жас көрермендерге “Тоқта. Қауіп!” спектаклі ұсынылмақ.
Байболат Құлтанов