Қоғам

Бірлігі мығым ел озар

Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалы ілкімді істермен көпшіліктің көңілінен шығып жүр. Бүгінде түрлі бастама бар. Әртүрлі ұлттың басын біріктірген шаңырақ әрмен қарай алға басқысы келеді. Сол үшін үкіметтік емес ұйым өкілдерімен кезекті мәрте кездесіп, пікір алмасуда. “Митап” атауын алған шараға озық ойлы азамат-азаматшалар шақырылыпты.

АНАСТАСИЯ ВОЛКОВА, кездесудің модераторы:

– “Митап” шарасын осымен екінші мәрте өткізіп отырмыз. Мұнда 3 адам сөз сөйлеп, табысты жобаларға тоқталады. Өздері нақты деректерді көрсете отыра баяндама әзірледі. Баяндамашылар – этномәдени орталықтардың өкілдері. Біз құрғақ әңгімемен шектелмейміз. Жиын барысында тәжірибелік тұс та бар. Бұл Ассамблея жұмысына тікелей әсер етеді деп ойлаймын.

Әсер етуі бек мүмкін. Жиынның екінші бөлігінде ұйымдастырушылар қатысушыларды 4 топқа бөлді. Топтарға жүктелген міндет – үкіметтік емес ұйымдардың, мемлекеттік сектордың және Ассамблеяның жұмысына серпін берердей жоба ұсыну. Кездесу алаңы көп ұзамай идеялар орталығына айналды.

БОЛАТ БАЗАРБАЕВ, СҚО ҚХА журналистер клубының мүшесі:

– Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалы жан-жақты жұмыс жүргізіп жатыр. Биылғы көктем баршамыздың есімізде. Тасқын кезінде этномәдени орталықтардың өкілдері аянып қалмады. Түрлі жобаларды қолға алды, адамдарға көмектесті. Міне, бізге осындай дүниелер керек. Сол үшін бір топ адамды жинадық.

Тиімді ұсыныстар бар. Оларды ұйымдастырушылар қағазға түртіп алды. Болашақта шағын залда айтылған бастамалар қолдау тауып, тұтас елге пайда әкелуі мүмкін.

 

Байболат Құлтанов