12-19-шы қыркүйек аралығында Бангкокта тай боксынан әлем чемпионаты өтті. Ел намысын облыс атынан 5 бала қорғаған болатын. Солардың ішінен барлық қарсыластырын қоғадай жапырған Арианна Черепанова мен Леонид Енусов жеңімпаз атанды. Дүбірлі додаға барлығы – 100 мемлекеттен мыңнан астам спортшы қатысқан. Айта кету керек, аталған спорт түрі өңірімізде қарқынды дамуда. Облыс бойынша муай-таймен 400-ге жуық адам айналысады.
ИВАН ВАН-ХОН-ТУН, муай-тайдан СҚО аға бапкері:
– Әр республикалық жарыстан қалмауға тырысамыз. Дүбірлі додаға 1 ай бойы дайындалдық. Әлем чемпионатында Арианна 1-ақ кездесу өткізсе, Леонид 4 қарсыласын тізе бүктірді. Леонид үшін алғашқы қарсыласын жеңу қиынға түсті. Себебі, алғашқы кездесу әрқашанда қиынға соғады. Шәкірттеріме ризамын. Шынымды айтсам, мұндай зор жетістікке жетеміз деп ойламадым. Енді шамалы тынығып алып, Тайвань елінде өтетін Азия чемпионатына дайындықты бастаймыз.
Нұрасыл Ахмет