Бүгін облыстық халықтық штабтың мүшелері “Основание” серіктестігінің қызметкерлерімен кездесті. Білікті мамандар еңбек ұжымына АЭС құрылысының оң тұстарын түсіндіріп, қазанның 6-сы өтетін референдумға қатысуға шақырды. Ел ағасы Иманғали Татваевтың сөзінше, елімізде энергия тапшы. Қазақстандағы электр энергиясының негізгі көзі – көмірмен жұмыс істейтін электр станциялары. Олардың өзі кеңес заманында салынған, шамамен 70 пайызы тозған.
ИМАНҒАЛИ ТАТВАЕВ, облыстық халықтық штабтың мүшесі:
– Елімізге АЭС ауадай қажет. Қашанғы энергияны басқа мемлекеттерден ала береміз. Экономикамыз да осының кесірінен дамымайды. Жаңашылдықтардан еш қорықпауымыз қажет.
Штаб мүшелерінің айтуынша, егер елімізде маңызды нысан салынса өнеркәсіпті де дамыта аламыз дейді штаб мүшелері. Себебі, мыңдаған адам жұмыспен қамтылады. Басқосуға 20-дан астам адам қатысты. Олар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Сауалдардың көбісі қауіпсіздік жайында.
ИМАНҒАЛИ ТАТВАЕВ, облыстық халықтық штабтың мүшесі:
– 6-шы қазан күні барлығымыз дауыс беруіміз қажет. Себебі, әр жанның дауысы аса маңызды. Мен сіздерді АЭС салуды қолдаңыздар деп отырған жоқпын. Тек біріңіз қалмай референдумға келіп, біркісідей атсалысуларыңызды сұраймын. Бірақ, айта кетейін, маңызды нысан – еліміздің энергетикалық тәуелсіздігі мен қауіпсіздігінің кепілі.
Облыстық халықтық штабтың мүшелері күніне кемінде 10 ұйымға барып кездесу өткізеді. Білікті мамандардың жұмысы маңызды науқан өтетін күнге дейін жалғаса бермек.
Нұрасыл Ахмет