Ботаникалық бақтың директоры Артур Рязапов теріскей тұрғындары екі күннің бірінде ести бермейтін папайя ағашын көрсетіп тұр. Оған тиісті күтіп жасалса, 6 метрге дейін өседі. Жақында Петропавлдағы жүздеген жасыл желек жайқалған жерде тарихи оқиға орын алды. Мұнда алдыңғы жылы тұқымы себілген Қауын ағашы гүлдеді.
АРТУР РЯЗАПОВ, Ботаникалық бақтың директоры:
– Қауын ағашы немесе папайяның 30-дан астам түрі бар. Оның отаны солтүстік, орталық және оңтүстік Америка саналады. Ол табиғатта 20 жылға, ал жасанды ортада 4 жылға дейін ғана өседі. Жақында екі жылдық өсімдік гүлдеп, баршамызды қуантты. Жеміс әбден піскен кезде дәмі қауынға ұқсайды. Сондықтан да оны халық арасында Қауын ағашы деп атайды.
Петропавлда гүлдеген папайя ағашының өзіндік тарихы бар. Оның тұқымын Доминикан Республикасында демалған жергілікті тұрғын сыйлапты. Қазіргі таңда ботаникалық бақ өкілдерін алаңдатып отырған мәселе бар. Нысан ішінде температура төмен. Бұны өсімдіктердің басым бөлігі ұната қоймайды.
АРТУР РЯЗАПОВ, Ботаникалық бақтың директоры:
– Жеміс жақсы жетілу үшін ішкі температура 22 мен 28 градустың аралығында болуы қажет. Егер сынап бағанасы одан төмендеп кетсе, біз мақсатымызға жете алмаймыз. Жылу қажет. Өкінішке қарай, қазір бізге қосылатын жылу құбыры жөнделіп жатыр. Істің тезірек аяқталғанын қалаймыз. Қоса кетейін, папайяны жеуге болады. Сонымен қатар, ол медицинада және косметологияда қолданылады.
Егер ботаникалық баққа жылу беріліп, Қауын ағашына тиісті жағдай жасалса, өңірде жаңа жылдан кейін жаңа өнім алынбақ. Жергілікті бағбандар елден сүйінші сұрауға асығып отыр.
Байболат Құлтанов