Қоғам

Жангелді Тәжин: “Электр энергиясының тапшылығынан Қазақстанда жылыжайлар іске қосылмады”

Атом электр стансасын салуды қолдау жөніндегі облыстық халықтық штаб мүшелері Жұмағали Тлеулин атындағы Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінің табалдырығын аттады. Жангелді Тәжин мен Сәуле Сұрағанова білім ұясының қызметкерлері мен студенттеріне жан-жақты ақпар берді. Дамудың даңғыл жолына түскен елімізге заманауи қуат ошағы ауадай қажет. Бұны қоғамдағы кейбір жайттар аңғартып отыр.

ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, облыстық халықтық штабтың мүшесі:

– Бұрын оңтүстік өңірлерде жылыжайлар ашылды. Өкінішке қарай, олар электр энергиясының тапшылығынан іске қосылмады. Біз өзіміздің көкөністі күткен едік. Үміт ақталмады.

Алдағы уақытта да бастаған іс аяқталмауы мүмкін. Жангелді Тәжин пікірінше, атом электр стансасы ғана болашаққа жол ашады.

ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, облыстық халықтық штабтың мүшесі:

– Егер ірі кәсіпорындарымыз жұмыс істесін, өнімді экспортқа шығарсын десек, бізге АЭС керек. Барлық мәселе электр қуатына келіп тіреледі.

Бұған дейін Жангелді Тәжин атом электр стансасы жайлы бірсыпыра дерекпен танысыпты. Құрылысты Франция еліне сеніп тапсырған дұрыс деп санайды. Ел ағасының сөзінше, батыстағы бай мемлекеттің бұл тұрғыда тәжірибесі мол екен.

ЖАНГЕЛДІ ТӘЖИН, облыстық халықтық штабтың мүшесі:

– Францияның жері біздікінен 5 есе кішкентай. Бірақ, 56 АЭС-ы бар. Жақында ғана Олимпиада ойындары өтті. Егер стансалар қауіпті болса, халықаралық ұйымдар өткізуге рұқсат бермес еді.

Болашақ медицина қызметкерлері облыстық халықтық штаб мүшелерінің айтқанын мұқият тыңдады. Сөзге тартқандардың барлығы таңдау жасауға бармақшы. Көбі референдумда алғаш рет дауыс бергелі отыр.

АРУЖАН ЕРҒАЛИ, Ж.Тлеулин атындағы Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінің студенті:

– Бұл тақырып достарымыздың арасында жиі талқыланады. Барып, таңдау жасаймын. Бірінше рет дауыс бергелі тұрмын. Бұл – менің міндетім.

Айта кетейік, 6 қазан күні Жұмағали Тлеулин атындағы Солтүстік Қазақстан жоғары медициналық колледжінде 2 бірдей референдум учаскесі жұмыс істемек.

 

Байболат Құлтанов