Жастар арасындағы діни экстремизм – қоғамды алаңдатып отырған өзекті мәселелердің бірі. Қызу талқыға түскен түйткіл бүгін С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада ортаға салынды. Толығырақ айтсақ, мұнда қыз-жігіттердің жат ағымның жетегінде кетуі және одан төнетін қауіп-қатер жайлы сөз болды. Жиынға жастардың сауатын ашу үшін дін мәселелері жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері келген.
НҰРТАС НҰРМАХАМБЕТ, облыстық дін істері басқармасының бас маманы:
– Іс-шара облыстық дін істері басқармасының және ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен өтіп жатыр. Біз тек қалада ғана емес, облыс аудандарына барамыз. Семинар 5 күнге созылады.
Басқосуға барлығы – 80-ге жуық студент қатысты. Білікті мамандар ұл-қыздарға білгендерін айтып, көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап берді. Білімділер теріс діни ағымның жетегінде кеткендердің басым бөлігі әлеуметтік желі қолданушылары дейді. Олар жастарға смартфонда көргеннің барлығына сене бермеуге шақырды. Астана қаласынан келген республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Толғанай Мұстафина экстремизм идеологиясына қарсы іс-қимыл еліміздің түкпір-түкпірінде өткенін қалайды.
ТОЛҒАНАЙ МҰСТАФИНА, дін мәселелері жөніндегі республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі:
– Өткен аптада Қарағанды облысында болдық. Онда жастармен және еңбек ұжымдарымен кездесулер өткіздік.
Ақпараттық-түсіндіру тобы 2 күн бойы қала колледждері мен мектептерін аралайды. Білікті мамандар баратын ең бірінші аудан Ғ.Мүсірепов ауданы болмақ.
Нұрасыл Ахмет