Солтүстік Қазақстан облысы мен Америка Құрама Штаттары арасындағы сауда қатынастары жақсы дамып келеді. Ауыл шаруашылығы, көлік, байланыс пен білім беру салаларында өзара тиімді әріптестік орнатылды. Оның ішінде жергілікті М. Қозыбаев атындағы жоғары оқу орны мен Аризона университеті арасындағы ынтымақтастық 3-ші жыл сәтті жүргізілуде. Қазір ғылыми-зерттеу әлеуетін арттыру мақсатындағы жұмыс қолға алынды.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Бүгінгі таңда екі дипломдық бағдарлама бойынша мыңнан астам студент оқиды. Олар үшін біз барлық жағдайды жасаймыз. Жақын арада 1200 орындық жатақхана ашамыз, осылайша студенттеріміздің жатақханаға деген қажеттілігін 100 пайызға толығымен жабамыз. Сондай-ақ, ғылыми салада белсенді жұмыс істейміз. Өткен аптада университет басшыларымен және ғылыми жетекшілерімен кездестім. Біз оларға ғылыми эксперименттер жүргізу үшін жер бөлеміз деп келістік.
Бұл – Дэниел Розенблюмның Солтүстік Қазақстан облысына екінші сапары. Кездесу барысында екі тарап басқа да бағыттар бойынша стратегиялық әріптестікті нығайту мәселелерін талқылады.
ДЭНИЕЛ РОЗЕНБЛЮМ, АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі:
– Қозыбаев университеті мен Ариозона университеті арасында ортақ ынтымақтастығымыздың тарихы бар, сондықтан, бұл біздің әріптестігіміздің болашақ бағыттарына негіз болады. Аймақтағы жұмыстарыңыздың басымдықтары қызықтырады және АҚШ сіздердің жұмыстарыңызды орындауға қалай көмектесе алатыны туралы естігіміз келеді.
Облыс әкімі аймақта атқарылып жатқан жұмыс ел Президенті жүктеген міндеттер аясында тындырылып жатқанын айтты. Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында креативті индустрияның дамуына ерекше назар аударды. Сондықтан, жақында өңірде креативті индустрия орталығы ашылады.
ҒАУЕЗ НҰРМҰХАМБЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Бүгінгі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша біздің облыста «Қызылжар» креативті индустрия орталығы ашылуда. Оның міндеті – креативті индустрияны ілгерілету, жасанды интеллект базасында технологияларды оқыту. Осы саланың мамандары да даярланатын болады.
Айта кетейік, қазіргі таңда АҚШ пен СҚО арасындағы тауар айналымы 5 млн доллардан асты.
Данаш Хамза