Жұмыла көтерген жүк жеңіл! Сенбі күні петропавлдық полиция қызметкерлері, прокурорлар мен еріктілер күш біріктірді. Олар бір жағадан қол шығарып, есірткі сатылатын интернет дүкендердің жазба түріндегі атауын өшірмекші. Бұлай жасамаса болмайды. Заңның ала жібін аттаудан тайынбағандар шаһардың түкпір-түкпірінде із қалдыруда.
АЗАМАТ ЖҮСІПОВ, Петропавл қалалық прокуратурасы қылмыстық қудалау бөлімінің прокуроры:
– Кезекті мәрте “Нашақорлыққа жол жоқ!” акциясын ұйымдастырып отырмыз. Осы шара арқылы есірткі сатылымына, жарнамасына тосқауыл қойғымыз келеді. Қоғамда әлі де жер-жерде граффити қалдыратын адамдар бар. Қазіргі таңда Петропавл қалалық полиция басқармасында аталған бағыт бойынша 5 іс қаралып жатыр. Жақында құқық бұзған тағы бір тұлға құрықталды. Ол Жамбыл облысынан келіп, заңсыз кәсіппен айналысқан.
Міндет жүктелді, бояғыш баллондар таратылды, баратын аудандар анықталды. Тыйым салынған жазбалар шаһардың шеткері орналасқан бөліктерінде жиі кездеседі. Топтарға бөлінген акция қатысушылары бірсыпыра жерді аралады.
Шараға кёкушинкай каратеден Солтүстік Қазақстан облыстық филиалының 20-дан астам өкілі де қатысты. Жалынды жастар игі іске ат салысуға бірден келісіпті.
РУСТАМ РАЙЦИНОВ, каратеден жаттықтырушы:
– Бүгінгі акция есірткіге, маскүнемдікке қарсы күресуге бағытталған. Кёкушинкай каратеден Солтүстік Қазақстан облыстық филиалы балалар мен ересектерді спортпен шұғылдануға және зиянды әдеттерден бас тартуға шақырады. Біз зиянды дүниеге бірлесе тосқауыл қоюымыз керек. Өйткені, олар адамдардың, оның ішінде жастардың өмірін бұзады.
Сенбі күні акция қатысушыларына 50-ден аса жазба кездескен. Олар барлығын өшіріпті. Жерлестеріміз алдағы уақытта тағы жиналып, қала аралауды көздеп отыр.
Байболат Құлтанов