Қоғам

Өңірге АЭС салуды қолдау жөніндегі республикалық халықтық штаб мүшелері келді

Бүгін өңірімізге АЭС салуды қолдау жөніндегі республикалық халықтық штабтың мүшелері келді. Білікті мамандар барған алғашқы нысандардың бірі “Радуга” серіктестігі болды. Спикерлер ондағы қызметкерлерге маңызды нысанды салу еліміздің энергетикалық тәуелсіздігі мен қауіпсіздігінің кепілі екенін айрықша атап өтті. Тиісінше, азаматтар да көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойды. Олардың дені қауіпсіздік жайында. Жиын соңында келген топ еңбек ұжымын 6-сы күні өтетін маңызды шараға біркісідей атсалысуларын сұрады.

Республикалық халықтық штабтың мүшелері еңбек адамдарымен кездесуден кейін С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханаға барды. Парламент Мәжілісінің депутаты Елнұр Бейсенбаев бастаған топ мұнда жергілікті “AMANAT” партиясының мүшелерімен кездесті. Өздеріңіз білетіндей, мына азамат-азаматшалар – көбісі өңірлік штабтың мүшелері. Олар үшін бұл кездесу маңызды болып саналады. Себебі, білмегендерін сұрап, АЭС жайлы білімдерін толықтырады.

ЕРБАҚЫТ АМАНТАЙҰЛЫ, облыстық мәслихат депутаты:

– Халқымыз жаңашылдықтарды ауыр қабылдайды. 1891 жылы теміржол салынатын кезде де аталарымыз құп көрмеген. Бірақ, соның арқасында барлық жүктерімізді тасып жүрміз.

Ақпараттық-түсіндіру тобы референдум өтеді деген күннен бастап жер-жерді аралауда. Білікті мамандар 29-қыркүйекке дейін әр өңір халқымен кездеспек.

ЕЛНҰР БЕЙСЕНБАЕВ, Мәжіліс депутаты:

– Халықтық штаб қарқынды жұмыс істеп жатыр. Оның мүшелігінде 6 саяси партия және 200-ден астам ұйым бар. Осы күнге дейін 14 өңірге бардық.

Білікті мамандар алдағы уақытта басқа да ұйым өкілдерімен кездесу өткізеді. Барлық іс-шара 300-ге жуық адамды қамтымақ.

 

Нұрасыл Ахмет