Балалар

Оқушыларға арналған әскери ойын

Әскери ойын. Демалыс күні бір топ ұл мен қыз қала сыртындағы Қарғалы аралына барды. Олар бұл жерге әскери өмірдің қыр-сырын тану мақсатында келіп отыр. Мамандар екі күн қатарынан жастарға әскери өмір жайлы баяндайды, осыған бағытталған ойын ойнау арқылы саланың қызығы мен қиындығынан сыр шертеді.

Әуелі жастар сап түзеді. Оларға ойын шарты түсіндірілген соң топ-топқа бөлінді. Балаларға қарудың үлгілері туралы баяндалып, қауіпсіздік ережелері құлақтарына құйылды.

ТИМУР ӘЛЖАНОВ, патриоттық жобаның үйлестірушісі:

– Балалардың патриоттық ойын ойнауға қызығушылықтары зор. Белсенді қатысады. Жылда өткізіп тұруға тырысамыз. Басты мақсатымыз – облыс бойынша жасөспірімдерді патриоттық тұрғыда тәрбиелеп, әскери-спорт тұрғысынан шыңдау. Бұның, әсіресе, ер балалар үшін маңызы зор. Бүгінгі жарысқа негізінен 9-10 сынып оқушылары қатысып жатыр.

Көптен күткен ойын басталып кетті. Алаңда көліктің дөңгелектері көп. Балалар осы қалқан артына, ағаш арасына жасырына отырып, атысып ойнады. Сөйтіп, мергендіктерін сынады.

Қатысушыларға ойын ұнаған сыңайлы. Патриоттық тұрғыса, ұйымшылдықты арттыруда берер пайдасы да бар дейді.

ДАРХАН ҚОСПАНОВ, оқушы:

– Ойын өте қызықты екен. Бұл жерде өзің жалғыз қалсаң да, командамен қалсаң да қарсыласыңа тойтарыс беру қажет.

АЙСАНА ХАБИБУЛА, оқушы:

– Осындай АӘД ойындарға қатысып жүргеніме 3 жыл болды. Өзіме қатты ұнайды.

Жалпы, тартысты ойынға қатысқан оқушылардың саны 100-ге жуықтайды. Жүлделі орынға ие болғандарға бағалы сыйлықтар берілді.

 

Мәдина Қаби