Жаңбыр жауып, арты қарға ұласпай тұрғанда көмірмен қамданған дұрыс. Шаһарда қара отын сатылатын 4 бірдей теміржол тұйығы бар. Соның бірі «Уголь Норд» серіктестігіне тиесілі. Мұнда күн сайын 300-400 тонна көмір жеткізіледі. Яғни, жетіспеушілік мәселесі күн тәртібінде тұрған жоқ.
ЗӘМЗӘГҮЛ МИРЗОЕВА, «Уголь Норд» ЖШС қоймасының меңгерушісі:
– Қазір бізде Майқұба мен Богатырский көмірі бар. Майқұба – 350 тонна. Екібастұз – 250 тонна. Қаражара әзірге жоқ. Шұбаркөл 50 тоннадай қалды.
Баға жайлы айтатын болсақ, Қаражыра – 18 500-дан, Шұбаркөл – 19 мыңнан, Майқұба – 14, ал Екібастұз 13 мың теңгеден сатылады. Мұның барлығы қойнауы байлыққы толы Қарағанды мен Екібастұз өңірінен жеткізіледі. Қыстың жақындағанына байланысты халық белсенділік танытқан. Соңғы аптада келушілердің қатары қалыңдапты.
ЗӘМЗӘГҮЛ МИРЗОЕВА, «Уголь Норд» ЖШС қоймасының меңгерушісі:
– Сұраныс жақсы. Күн суытқаннан бері көмірді жақсы алып жатыр. Көмір жетіспеушілігі жайлы мәселе жоқ. 10 күнде мың тоннадай қара отын келіп отырады.
«ПромИнвестУголь» серіктестігі де облыс тұрғындарын көмірмен қамтамасыз етеді. Мұнда елдің шығысынан Қаражыра көмірі ғана жеткізіледі. Бір тоннасы – 19 мың теңге. Қазір төңіректе мың тоннадан астам қара отын жатыр. Ұйым өкілдері адамдарды күн сайын қабылдауға дайын.
Мәдина Қаби