Қоғам

СҚО-да ұстараны қымбатқа сатпақ болған кәсіпкерге айыппұл салынды

Адал жолмен табыс таппасаң, жазаға тартыласың! Дегенмен, бұл айтылғанға кейбір кәсіпкерлер пысқыра қарайды. Олар қалтаны қампайту үшін біле тұра заң бұзады. Мұндай жандармен облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті күресіп жатыр. Жыл басынан бері атқарылған шаруа брифингте жария етілді.

ҚАНАТ ЖЕҢІСБЕКҰЛЫ, СҚО сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы:

– 2024 жылдың 8 айында ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне тұтынушылардың 342 өтініші келіп түсті.

Баяндаманы бастан-аяқ мұқият тыңдасаң, түрлі жайт көз алдыңа келеді. Департамент өкілдері өтініш берушінің шақыры бойынша сауда нүктесіне барған. Жоспардан тыс тексеру кезінде бұзушылық анықталыпты.

ҚАНАТ ЖЕҢІСБЕКҰЛЫ, СҚО сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы:

– Тұтынушы ірі сауда желісінің филиалдарының бірінен «Gillette» ұстарасын 6 199 теңгеге алғысы келген. Есеп айрысуға барады. Сол сәтте кассалық чекте тауардың құны 12 399 теңге деп жазылады. Яғни, бұл жерде айтарлықтай айырмашылық бар. Кәсіпкерлік субъектісі әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Оған айыппұл салынды. Бүгінде 55 380 теңге өтелді.

Сырт көзге кәсіпкерлер қосатын сома аз болып көрінеді. Алайда, олар күніне ондаған адамнан айла асыруы мүмкін. Солардың барлығын қоссақ, қалтаға әжептәуір қаржы түседі. Айта кетейік, бұл бағытта облыс бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті де жемісті жұмыс жүргізуде.

МАКСИМ ПАХНО, СҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті бастығының орынбасары:

– Біз заң бұзған 15 кәсіпкерді анықтадық. Олар 23 мәрте әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын арттырып жіберген. Мұндай сәтте алдымен ескерту жасалады. Егер іскер жан айтылғанды ұғынбай қайта ескі әдетіне салса, онда айыппұл арқалайды. Өңірде осындай 2 тұлға тіркелді. Облыс аумағында көбінесе күнбағыс майы негізсіз қымбаттаған.

Жалғыздың шаңы шықпас деген бар. Мемлекеттік органдар тұрғындарды сақ және белсенді болуға шақырады. Мамандар өтініш түссе, мәселеге үңілуге дайын.

 

Байболат Құлтанов