Солтүстік Қазақстан облысында «Бір ауыл – бір өнім» жобасының жеңімпаздары анықталды. Ауылдықтардың кәсіпкерлік әлеуетін арттыру, жергілікті шикізатты пайдаға асыра отырып, өнім өндіру, елдімекендерде жұмыс орындарын ашуға бағытталған бастамаға биыл 24 кәсіпкер қатысты. Олар өз өнімдерін тамыздың 29-ы күні Петропавлда өткен көрмеде ұсынды. Нәтижесінде 10 қатысушы келесі кезеңге жолдама алып, оның 7-еуі жобаларын аймақтық бренд-комитеттің алдында қорғады. Қазылар алқасына құрт, тосап, ара шаруашылығы, жүн және ешкі сүті өнімдерімен өзге де тауар түрлері ұсынылды. Нәтижесінде кір сабын шығаратын “Береке” жеке кәсіпкерлігінің иесі Гүлстан Жарасбаева топ жарды.
ЕСЖАН ОРАЗАЛИН, СҚО кәсіпкерлер палатасының директоры:
– Жеңімпаздарды іріктеу оңайға соқпады. Ең алдымен кәсіпкерлердің жергілікті шикізатты пайдалануына және қолмен жұмыс істеуіне назар аударылды. Өнімнің әрленуіне, қаптамасына және оның аймақтық сипаттамаларына да мән берілді. Ішкі және сыртқы нарыққа шығу мүмкіндігі де таразыланды. Сонымен қатар, өндірушінің сатып алушыларының болуына, тәжірибесі мен командасы есепке алынды.
Жобаның жеңімпазы мен жүлдегерлеріне жан-жақты көмек көрсетіледі. Маркетологтар жерлестерімізге өнімдерді брендтеу, сертификаттау және экспортты шығару бойынша қолдау көрсетпек.
Байболат Құлтанов