Екі қолға бір күрек іздеген жандарға зор мүмкіндік! С. Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті. Шараға таңмен таласа тұрған әжептәуір адам жиылды. Дені – жастар. Барлығының мақсаты – өзіне ыңғайлы, жалақысы лайықты қызмет табу.
РИНАТ ЕЛЖАСОВ, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы:
– Президентіміз өз Жолдауында айтқандай, 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» болмақ. Осыған орай біз азаматтарды жұмыспен толықтай қамтығымыз келеді. Алдымызға осындай мақсат қойдық. Қазіргі таңда облыс бойынша 2500-ге жуық бос орын бар. Қажетті мамандар: есепші, сантехник, жүргізуші, темір ұстасы, металл жонушы және қарапайым жұмысшылар.
Бұлар Петропавлдағы 30-дан астам кәсіпорынға да қажет. Жұмысшы іздеп жүргендердің бірі – «Радуга» компаниясы. Ұйым өкіліне бірнеше адам келген, алайда әзірге өздеріне сай мамандық иесі табылмапты. Қымбат Нұрышованың сөзінше, жәрмеңкеде көбінесе мұғалімдер мен медицина қызметкерлері жүр.
ҚЫМБАТ НҰРЫШОВА, «Радуга» ЖШС менеджері:
– Біздің компания қағаз, тамақ және пластика өнімдерін шығарумен айналысады. Қазіргі таңда 10-15 шақты қызметкер керек. Қызметтері жайында айтатын болсам, менеджер, оператор сынды мамандарды іздейміз. Орташа жалақы 200 мыңның үстінде болмақ. Одан бөлек, бірқатар әлеуметтік көмек қарастырылған.
Ұйымдастырушылар жәрмеңкеге арнайы жоба арқылы грант алған кәсіпкерлерді де шақырыпты. Жұмыс іздеген жандар осы кісілерден тәжірибе ала алады. Есіл ауданынан 3 адам келген. 2 қандас пен оңүстіктен қоныс аударған 1 азамат мемлекеттік қолдаудың арқасында кәсіптерін домалатып отыр. Олар осыдан 2 ай бұрын ғана бірлесіп, 1 млн 400 мың теңге қаржы алып, сүт өнімдерін шығарумен айналысуда.
ТОҚТАРБЕК АЛАШБЕК, кәсіпкер, Есіл ауданы:
– Келгеннен мал шаруашылығымен айналысып жатырмыз. Бие, сиыр сауамыз. Үкімет 1 млн 476 мың теңге берді. Оған сиыр алдық, қазір сүт өнімдерімен айнасылудамыз. Бұның барлығын әйелдеріміз істейді.
Қоса кетейік, осындай бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі бүгін облыс орталығында ғана емес, аудан орталықтарында да өтті.
Мәдина Қаби