Енді көлікті мас күйінде жүргізген қазақстандыққа жүргізуші куәлігі берілмейді. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха айтты. Аталған заң жобасын Сенат мақұлдады. Министрдің орынбасары заңдағы жаңа норманы былай түсіндірді: бұған дейін жүргізуші куәлігі жоқ бола тұра, көлік тізгіндеген адам ұсталса, тек қамауға алынатын. Ал одан кейін тиісті құжат алуға ешқандай кедергі жоқ еді. Қазір құқық бұзушы қамаудан бөлек, 7 жылдай емтихан тапсыра алмайды.
ИГОРЬ ЛЕПЕХА, ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары:
– Жүргізуші куәлігі жоқ адам туралы айтайын. Мысалы, ол мас күйде әкесінің көлігіне отырды дейік. Біз оны ұстаймыз. Соттың үкімімен күдікті 20 тәулікке қамауға алынады. Оның жүргізуші куәлігі жоқ, ол одан айырылмайды. Ертең ол халыққа қызмет көрсету орталығына барып, жүргізуші куәлігін алып, 3 айдан соң көлікті басқара алады. Бұл әділетті емес. Сондықтан ол заң бойынша 7 жыл жүргізуші куәлігіне тапсыра алмайды.
Байболат Құлтанов