Қоғам

Академик Аманжол Қошановтың 90 жылдығына арналған ғылыми-конференция өтті

Ер есімі – ел есінде. Биыл теріскейдің маңдайына біткен нар тұлғасы Аманжол Қошановтың туғанына 90 жыл толып отыр. Осыған орай облыс әкімінің орынбасары Жүсіп Жұмағұлов пен белгілі қаламгерлер мен ғалымдар және жұбайының қатысуымен ауқымды конференция өтті. Шараның шымылдығын облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Кемел Оспанов ашып, өңір жетекшісі Ғауез Нұрмұхамбетовтің құттықтау сөзін оқып берді. Онда академиктің ілкімді істері айтылды.

КЕМЕЛ ОСПАНОВ, облыстық ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары:

– Академиктің еңбегі жоғары бағаланып, ҚР Мемлекеттік сыйлығы берілді. Шетелдік әріптестері де оның еңбектерін жоғары бағалаған.

Елі үшін еңбек етіп, ұрпағының жарқын болашағы үшін басын қауіпке тіккен тұлғаның мерейтойы облыс көлемінде аталып өтілуде. Аманжол Қошанұлы Шал ақын ауданы Алқағаш ауылында дүниеге келген. Академик мектепті алтын белгіге, институтты қызыл дипломға бітірген. Өмірінің соңына дейін елдің дамуына сүбелі үлесін қосқан. 2004 және 2009 жылдары “Жыл адамы” атағын алған. Осыдан-ақ жерлесіміздің қандай тұлға болғанын көре аламыз.

ҚАДЫР ӘБІЛЖАНҰЛЫ, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Қайраткердің өмірі ғылыммен тығыз байланысты. 600-ден астам ғылыми еңбегі бар.

Қадір Әбілжанұлы Аманжол Қошанұлын жақсы таниды. Екеуі бір ауылдың топырағына аунап өскен. Академик атақты жерлесіміздің ерекше қырларын атап өтті.

ҚАДЫР ӘБІЛЖАНҰЛЫ, тарих ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Аманжол ағамыз әрдайым салиқалы әңгімелер айтатын. Әкесі Қошан атамыз да беделді жан болған. Үйінде ешқашан дастархан жиылмайтын.

Айтулы шараға барлығы – 100-ден астам адам қатысты. Олардың ішінде университет студенттері де бар. Жастар Аманжол ағамыздың артынан қалдырып кеткен мұраларын көріп, тәнті болды.

 

Нұрасыл Ахмет